Түркістанда 6-қабаттан құлаған қыздың туыстары оны балконнан лақтырып жібергенін айтты

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 наурыз - Sputnik. Түркістанда 17 жастағы қыз қонақ үйдің алтыншы қабатынан құлаған. Қыздың туыстары ол өзі секірмегенін, бәз біреулер оны балконнан лақтырып жібергенін айтып отыр. Қазіргі уақытта полиция тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
17 жастағы қыз Алматыда әпкесінің үйінде тұрған. Дос қызы Түркістанға келіп, қыдырып қайтуды ұсынады. Алдап шақырып алып, мол ақшаға кенелесің деп оны көндірген, дейді туыстары.
"Қайын сіңілімді алдап, клиент тауып береді. Ол клиент қызды Түркістандағы қонақ үйлердің біріне апарады. Клиент екі сағатқа 140 мың теңге төлейді. Ол ақшаны қайын сіңілім дос қызына жібереді. Бірақ сол жерде қызмет көрсетуден бас тартады. Ақшаны қайтарайын десе дос қызы қайтып ақшаны салмай қояды", - дейді жәбір көрген қыздың жеңгесі Гүлсезім.
Айтуынша, клиент қызды бөлмеде қалдырып, есігін кілттеп кетіп қалған, көп ұзамай бөлмеге 3 әйел кіріп келіп, жас қызды аяусыз соққыға жығады. Сосын балконға қамап тастайды.
"Қайын сіңілім балконда тұрып дос қызына хабарласып көмек сұрайды. Телефонмен сөйлесіп тұрғанын көрген жаңағы үш әйел қызды 6-шы қабаттан лақтырып жіберген. Полиция тергеуді дұрыстап жүргізбей отыр. Олардың айтуынша, қыз есірткі немесе алкогольдік ішімдік қолданған. Бірақ полиция бастығының орынбасары көзімше медициналық сараптама жасаған мекемеге телефон соққанда қыздың қан құрамы таза деп айтты", - дейді Гүлсезім.
17 жастағы қыз ауруханада жатыр
Жедел жәрдем қызметіне қонақ үйдің жұмысшылары хабарласқан. Жәбірленушінің жағдайы ауыр, денесінің 8 жері сынған.
"Полиция істі 105-баппен қозғаған. Бұл "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы. Ол балконнан секіремін демеген. Оны лақтырып жіберген. Денесінің сау жері жоқ. Бірақ полиция көз жұмып қарап отыр", - дейді жәбірленушінің туыстары.
Олардың айтуынша, қыздың мінезі жуас, томаға тұйық. Ешқашан сыбай-салтаң жүрісі болмаған.
Sputnik Қазақстан Түркістан облысының полиция департаментіне сұрау жолдады.
"23 ақпанда Түркістан қалалық полиция басқармасының "102" пультіне қонақ үй қызметкерлерінің бірінен ғимараттың 6-қабатынан жас қыздың секіргені туралы хабарлама келіп түсті. Бұл факт Қылмыстық кодекстің 105-бабының 3-бөлігі "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша тіркелді. Жас қыз Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ол ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Тергеу барысында оқиғаның қатысушыларынан, қонақ үй қызметкерлерінен жауап алынды. Сондай-ақ қонақ үйдегі барлық бейнебақылау камерасы да тексерілді. Заттай дәлелдемелер алынды", - деп жауап берді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның айтуынша, қазіргі таңда тергеу шаралары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Сараптамалардың нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады.