АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысында кәмелет жасқа толмаған балалар джип рөліне отырып, аударылды. Оқиға орнында жасөспірім қыз қайтыс болды.
Облыстық полиция депаратменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, Шалқар қаласындағы мектептің 9-сынып оқушылары жол талғамайтын көлікке мініп, тас жолға шығып кеткен.
"Шалқар-Бозой" тас жолының 4-ші шақырымында Toyota Land Cruiser көлігін жүргізген бала рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетті. Көлік аударылып кеткен", - дейді полицейлер.
"Диапазон" газетінің хабарлауынша, кәмелет жасқа толмаған бір қыз оқиға орнында көз жұмды. Салонда болған тағы төрт бала ауруханаға жеткізілді.