Алматыда студенттік жатақханалардың құрылысына жауапты кеңсе ашылды

Sputnik
АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы құжаттың негізінде студенттік жатақханалар құрылысының жобалық офисі ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобалық кеңсенің негізгі міндеті - Алматыда жатақханалар салу және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Кеңседе министрлік, қаржы орталығы мен әкімдіктің мамандары отырады. Олар күн сайын ХҚКО режимінде университеттерге, құрылыс компанияларына және мердігерлерге кеңес беретін болады.
Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, алдағы үш жылда12 мың төсек-орынға, ал 2030 жылға дейін тағы 20 мың орынға жатақхана салынады.
Министр Саясат Нұрбек осы іспетті орталықтарды Астана, Ақтөбе мен Шымкент қалаларында ашуға уәде берді. Алматы қаласындағы жобалық кеңсе Байтұрсынов көшесі, 22 мекенжайы бойынша орналасқан.