АЛМАТЫ , 3 наурыз – Sputnik. Грузияға көшпек болған отбасының талай жылғы құпиясы ашылды. Бұл туралы Астана қалалық соты хабарлады.
Елорда тұрғыны әйелімен 5 жыл бұрын заңды некеге тұрып, балалы болады. Алайда әйелдің жасырын некесінің болуы отбасының шырқын бұзды.
Ер адам Грузияға қоныс аударып, сол елде тұруға рұқсат алған кезде әйелінің жасырын некесі барын білген. Әйел 7 жыл бұрын Грузия мемлекетінің азаматымен заңды некеге тұрған. Құпияны білген күйеуі ажырасу туралы сотқа талап-арыз берді.
"Сот "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР кодексіне, "Соттардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы істерді қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы" ҚР Жоғарғы сотының 28.04.2000 жылғы № 5 нормативтік қаулысының нормаларына сілтеме жасай отырып, талап арызды қанағаттандырды", - деп хабарлады ведомство.
Сот 2018 жылы "А" мен "Б" арасында жасалған некені жарамсыз деп таныды. Алайда әйел Астана қаласының сотына апелляциялық шағым түсірген. Бірақ апелляциялық сатыдағы сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді.