АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Елорда тұрғыны Қайырбек Аяшев ойықта тұрудан Қазақстан рекордын жаңартты. 44 жастағы Астана тұрғыны 1 сағат 15 минут бойы мұзды суда болды.
Ер адам өзінің рекордын 30 минутқа арттырды. 2021 жылы ол ойықта 45 минут тұрған болатын.
Қайырбек Аяшев өзінің рекордын 30 минутқа арттырды
© Sputnik / Владислав Воднев
2019 жылы астаналық морж-рекордшы ойықта 35 минут, 2020 жылы 40 минут, 2021 жылы 45 минут болды.
Айта кетері, өткен жолы оның аяғының бас бармағы үсіп қалған. Бірақ бұл жолы криоатлет судан шыққаннан кейін өзін әлдеқайда сергек сезінді.
"2006 жылы денсаулығым сыр бере бастады. Содан кейін көз гимнастикасымен шұғылдануды бастадым, кейін йогаға көштім. 2008 жылы дайындалып, 2009 жылдан бастап мұзды суға түстім. Алғашында 1-2 минуттан бастадым. 2019 жылы ұзағырақ тұруға шешім қабылдап, 35 минутты суда өткіздім", - дейді Аяшев.
Ескеретін жайт, дайындықсыз келген адам 10-15 минут мұзды суда болғаннан кейін өліп кетуі мүмкін.
Ер адам қазір Қазақстанның көптеген қаласында, әсіресе ірі қалаларда морж клубтары бар екенін атап өтті.
"Біреу суық су құйынады, біреу ойыққа түседі. Бұл тәсілдер қазір бізде өте танымал. Мен қоғамдық көлікпен жүремін, сондықтан кейде адамдар мұзойыққа түсуді қалай бастау керектігін, қандай әдісті қолданатынымды сұрап жатады", - деді Аяшев.
Ол алдағы жылдары рекордын жақсартуы мүмкін екенін жасырмады.