Мәдениет

Тоқаевтың суретімен шыққан стикерлердің авторы: президент – менің фишкам

Sputnik
АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Жас суретші Аружан Ұнарбекова әлеуметтік желіде аниме (жапон мультипликациясы) стиліндегі ерекше туындыларымен танымал. Бала кезінен бергі сүйікті ісі бүгінде басты табыс көзіне айналған. Суреттерге, әсіресе шетелдіктер көп тапсырыс береді екен. Ал жуырда иллюстратор президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген стикерлер жасап шығарды. Sputnik Қазақстан тілшісі Аружан Ұнарбековамен шығармашылығы мен алдағы жоспары жайлы сұхбаттасты.
22 жастағы Аружан – елордадағы Еуразия ұлттық университетінің студенті. "Сәулет дизайнері" мамандығын меңгеріп жүр. Бойжеткен Өскеменге жақын Серебрянск қаласында дүниеге келген. Бірақ "жанға жайлы Астананы өз үйім" деп санайды.
Суретші Аружан Ұнарбекова
Аружан сурет өнеріне бала кезінен қызығады. Қылқаламға құштарлығын жапон комикстері оятқан.
"Жасөспірім шақта комикстер бәріне ұнайды қой. Мен де бала кезімнен комикс, манга (жапон комикстері) оқимын. Суретке деген қызығушылым солай пайда болды. Көбі менің суреттерімді аниме стилінде деп қабылдайды. Бірақ мен олай деп санамаймын. Жапон комикстерін қызыға оқығандықтан болар, туындыларым сол жанрда шығады. Әйтпесе мен суретті әдейілеп аниме стилінде салмаймын", - дейді суретші қыз.
Жас суретші Аружан Ұнарбекованың туындылары
Ал әлеуметтік желіде танымалдық оған кездейсоқ келген.
"Бірде TikTok-қа қызықты видео салайын деп, суреттерімнің бірін жарияладым. Аудитория ұнатты. Артынан тағы бір видео шығардым, ол да көптің көңілінен шықты. Тапсырыстар түсіп, табыс таба бастадым. Сондай күндердің бірінде президенттің суретін салдым. Жұртқа қызық болатын шығар деп ойладым. Қателеспеппін. Желі қолданушыларының бәріне ұнады. Ал қазір президент – менің фишкам", - деп күлді Аружан.

Тоқаевтың бейнесі бар стикерлер қалай пайда болды

Әлеуметтік желіде суретшінің президентті бейнелеген видеосы 2 миллионға жуық қаралым жинаған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас әрі заманауи кейпі қазақстандықтардың да, шетелдіктердің де көңілінен шығыпты.
"Менің ойымша, оларға президентті қарапайым адам ретінде, жастардың талғамына сай салғаным ұнаған. Адамды басқа қырынан, мүлде бөлек образда көру бәріне ұнайды ғой. Көбі мен оның фанатымын деп ойлайтын шығар. Жоқ, олай емес. Мен үшін ол кісі өз қызметін атқарып жүрген қарапайым адам", - дейді студент қыз.
Тоқаевтың суретімен стикерлер жасап шығару идеясы да осыдан кейін туындаған. Стикердегі президенттің цитаталарын Аружан интернеттен өзі іздеп тауып, ұнағандарын пайдаланған. Дайын жұмысты халыққа көрсетуге Президенттің телерадиокешені көмектескен.
"Олар маған хабарласып, стикерлерді сіздің атыңыздан шығарып берейік деп ұсынды. Мен "жарайды" дедім. Сөйтіп маған жарнама жасап берді", - деді Ұнарбекова.
Қыздың қылқаламынан шыққан туындылар арасында қазақтың танымал тұлғаларының, батырлары мен ақындарының суреттері де бар.
"Мақсатым – батырларымызды елдің есіне салу еді. Жас буын оларды ұмытпаса екен деймін. Барлық үйдің тұсқағазында Әлихан Бөкейханов бейнеленсе ғой деген ой болды. Тарихи тұлғалардың образын қатты өзгерткен жоқпын. Жұмысым ұнады, қызығушылық танытқандар болды", - деп жалғастырды сөзін суретші.
Болашақта Аружан өзін мазалайтын, жан түкпіріндегі терең ойларын қағаз бетіне көбірек түсіргісі келеді. Жас қызды, әсіресе Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, жалақының аздығы секілді өткір мәселелер алаңдатады.

"Құрманғазы" мультфильмі

Аружан Ұнарбекованың айтуынша, ол жарты жылдан астам уақыт "Тасқын" анимациялық студиясында жұмыс істеген. Жас қыз атақты күйші Құрманғазы туралы мультфильмді дайындап шығаруға атсалысқан.
"Ол жерде Құрманғазы туралы жоба басталған. Мен онда кейіпкерлердің суретін салдым. Студияда алғаш рет жұмыс істеуім еді. Бұрын кәсіби суретшілер ортасында болып көрмегендіктен, маған қатты ұнады, өте қызық болды, тәжірибе жинадым. Бәрі жан-жақты, шетелде білім алып келген мамандар. Суретші мамандығына оқымасам да, олардың арасында жүргеніме қуандым да, таңғалдым да", - дейді ағынан жарылған студент қыз.
Аружанның пікірінше, елімізде қазақ анимациясы жақсы дамып келеді. Мықты анимациялық студиялар да баршылық.

"Таланттар шетел асып жатыр"

Сурет Аружанның басты табыс көзіне айналған. Айтуынша, оған Қазақстаннан ғана емес, шет елдерден де тапсырыс түседі. Суретші қыздың өнерін бағалайтын жандар, әсіресе АҚШ-та көп екен. Араб жазушысы, тіпті, Аружанға кітабына комикс салуды ұсынған.
Жас суретші Аружан Ұнарбекованың туындылары
"Шынымды айтсам, шетелдегі азаматтар маған көбірек төлейді. Келіскен бағадан бөлек, үстіне ақша қосып беретіндер бар. Олар, тіпті, суретіңіз неге сонша арзан деп таңғалады. Ал біздікілер керісінше қымбат деп шағымданады. Бізде халықтың жалақысы аз, бәлкім, содан да шығар. Сурет салу оң-оңай деп ойлайтындар бар. Шын мәнінде, бір суретті салуға бір апта уақытың кетуі мүмкін. Қазақстандық аудитория суретшілерді бағалай қоймайды. Әйтпесе бізде талантты суретшілер көп, орта болмаған соң, көбі шетелге кетеді. Мысалы, сіз бізде Marvel-ге сурет салған суретші бар екенін білесіз бе. Таланттыларды шетел әкетіп жатыр. Менің көңілімді түсіретін де осы. Сол себепті қазақстандықтар шығармашыл адамдарды көбірек бағаласа екен деп ойлаймын", - деп тілегін жеткізді иллюстратор.
Жас суретші Аружан Ұнарбекованың туындылары

Суретші қыз нені армандайды

Биыл Аружан университет бітіреді. Таяу келешектегі бар жоспарым – дипломымды аяқтап, ойдағыдай қорғап шығу, дейді ол.
Жас суретші Аружан Ұнарбекованың туындысы
"Сурет салуды кәсіби деңгейде меңгермегендіктен, білетінімнен білмейтінім көп. Сондықтан да шеберлігімді одан әрі шыңдай түскім келеді. Ресейлік суретшілерден дәріс алғым келеді, өйткені олардың мектебі мықты. Бұған қоса, болашақта өз комикстерімді шығаруды армандаймын. Қазір алға жылжитын, дамитын заман. Уақыт жоғалтуға болмайды", - дейді суретші.