Еуропада көкөніс тапшылығы ұзаққа созылуы мүмкін

Sputnik
Ұлыбританияда көкөніс бағасы төрт есе қымбаттап, өткір тапшылық туындады. Ірі супермаркет желілері сатылымды қалыпқа келтіруге мәжбүр. Фермерлер одағы биліктен ауыл шаруашылығының энергия жұмсайтын салаларын қолдауға шақырды. Ал үкімет халыққа тамыр дақылдарына ауысуды ұсынды, деп жазды РИА Новости.
Соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағыдай бір қолға үш қияр, қызанақ немесе бұрыштан беріп жатыр. Салат, брокколи, гүлді қырыққабат, таңқурай да шектеумен сатылады. Үкімет мұны Испания мен Мароккодағы күтпеген суықтың салдарынан деп түсіндірді.
Дегенмен, адамдар барлық келеңсіздіктің себебін Лондонның саясатынан көріп отыр: бірінші – Brexit, одан кейін – ресейлік энергетикалық ресурстардан бас тарту. Электр энергиясының тарифі бірнеше есе қымбаттады, жылыжайлар тым қымбатқа түсіп жатыр. Бірақ фермерлердің қолдау көрсету туралы өтінішіне Қоршаған ортаны қорғау министрі Тереза ​​Коффи "өзінің Испаниядағы ауа-райын басқара алмайтынын" айтып, салат пен қызанақты шалқан мен басқа да тамыр көкөністеріне ауыстыруға кеңес берді. Оның айтуынша, бұл тапшылық бір ай бойы сақталады.
Тамаққа ақшасы жетпегендерге ол көп жұмыс істеуді ұсынды. "Табысты арттырудың ең тиімді жолдарының бірі – қосымша бірнеше сағат жұмыс істеу, біліктілікті арттыру", - деді министр.
Ұлттық фермерлер одағының төрағасы Минетт Баттерс ауыл шаруашылығына немқұрайлы қарау экономиканың баяулауына әкелетінін ескертті. Еуроодақтан шығу Ұлыбританияға азық-түлік жеткізуді тиімсіз етті. Жүк көліктері бұрынғыдай жергілікті тауарды тие алмай, бос оралуға мәжбүр. Ел импортқа қатты тәуелді, азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр.
Ұлбыританияның өндірушілер қауымдастығының директоры Джек Уордтың айтуынша, қиындықтар инфляцияға байланысты туындап отыр. Электр энергиясы мен жұмыс күші қымбаттады, жылыжай шаруашылықтары банкротқа ұшырап жатыр. Сонымен қатар өсірілетін өнімдердің түрі қысқаруда.
Испания немесе Франция сияқты континенттік елдерде тапшылық болмаса да, мұнда да баға шарықтады.
Энергетикалық даму қорының директоры Сергей Пикин Еуроодақта энергетикалық ресурстар мәселесі қалыпты екеніне, сұйылтылған табиғи газ қоры әлі де жеткілікті екеніне назар аударды. Мұнда мәселе тарифтерде болып тұр. "Ресей газы Ұлыбританияға жеткізілмейді. Мұнай мен мұнай өнімдері үшінші елдер арқылы сатып алынады. Атап айтқанда, Үндістаннан. Күрделі көлік тасымалы соңғы тұтынушыға әсер етеді", - деп түсіндірді ол.
Ал көкөністерді Қытайдан жеткізу арзанырақ болар еді. "Бірақ бұл логистиканы толығымен қайта құрылымдауды қажет етеді. Менің ойымша, британ үкіметі өз фермерлеріне көмектесе алады. Мәселе қаражатты қорғанысқа немесе ауыл шаруашылығына жұмсауда болып отыр?", - дейді Пикин.
Тәуелсіз сарапшы Леонид Хазанов Лондонның ұлттық ауыл шаруашылығына қолдау көрсетілетінін бірнеше рет жариялағанын, бірақ нақты қадамдар аз болғанын айтты. Өткен жылы қант қызылшасын егу кезінде улы емес пестицидтерді қолдануға рұқсат етілді. Алайда шаруалар агрохимикаттардың қымбат болуынан қиналып жатса да, минералды тыңайтқыштарды импорттауға салынатын жоғары баж салығы жойылған жоқ. Ал газ бағасының жоғары болуы минералды тыңайтқыштардың отандық өндірісін, құс шаруашылығын және басқа да энергияны көп қажет ететін салаларды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
"Мұның барлығы Украинаны қолдау салдарынан туындап отырғаны белгілі. Поляк фермерлері украиналық астықтың импортына қарсы наразылық акциясын өткізді. Себебі сапасыз арзан өнім оларды шығынға батырды. Олар егін жинау кезіндегіден үш есе арзан бағада өз бидайын сата алмай отыр. Соған қарамастан Еурокомиссия Киев үшін экспорттық жеңілдіктерді тағы бір жылға ұзартты", - деп жазды мақала авторы.
Леонид Хазановтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау министрі қанша қаласа да шалқан қалыпты көкөністерді алмастыр алмайды: бұл көп адам жей бермейтін тамыр дақылы, оны асқазан-ішек жолдары, бауыр немесе бүйрек аурулары кезінде тұтынуға болмайды.
Биліктің әрекетсіздігі үлкен салдарға әкелуі ықтимал: яғни, егіс алқаптары қысқарып, егіннің азаюы, диқандардың шығынға батуы және бағаның одан әрі өсуі болады.