ПАВЛОДАР, 2 наурыз – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұзда жедел штаб отырысын өткізіп, қала мектептеріндегі жылу режимін тексерді, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Барлық қабылданған шараға қарамастан, температураның төмендеуі байқалған мектептерде конвекторлық жылыту орнату туралы шешім қабылданған болатын.
Екібастұз мектептеріне конвекторлы жылу жүйелері орнатылды
© Photo : Пресс-служба акима Павлодарской области
Өткен аптада Екібастұз қаласының 13 білім беру мекемесінде, оның ішінде тоғыз мектеп, екі колледж және бір жатақханада "Коузи" энергия үнемдейтін конвектор батареялары орнатылды. Бүгінде бұл мекемелердің оқу кабинеттері мен басқа да бөлмелеріндегі температура 23-25 градусқа дейін жетеді. Мектептер қалыпты жұмыс істеп тұр.
Аймақ басшысы Екібастұз қаласын жылумен қамту жағдайын бақылауда ұстап, Екібастұз ЖЭО-сының тұрақты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.