Доллар арзандады – Ұлттық банк себебін түсіндірді

Sputnik
АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Ұлттық банк теңгенің нығаюына себеп болған негізгі факторларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақпан айында теңге бағамы бір доллар үшін 445,66 теңгеге дейін, яғни 3,2 процентке нығайды. Қазақстан қор биржасында сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.
"Бір ай ішінде валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болып, айырбастау бағамы нарық талаптарына сай қалыптасты. Бағамның нығаюы "салық кезеңі" факторымен және шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына кіруімен де байланысты болды", - дейді банк мамандары.
Квазимемлекеттік компаниялар өткен айда шамамен 295 млн АҚШ долларын сатқан. Бұдан бөлек, ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 590 млн АҚШ доллар сатылған болатын. Осылайша, бір айдың ішінде ұлттық қордан сатылған валютаның үлесі 23 процентті құрады және бір күнде 30 млн АҚШ долларынан аспады. Сосын БЖЗҚ-ның валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында ұлттық банк биржа арқылы 226 млн доллар сатып алған.
"Ақпанда Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ. Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың болжамдарына және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады", - делінген ресми хабарламада.
Наурыз айында республикалық бюджетке арналған трансферттер үшін 750-850 млн доллар көлемінде валюта сатылады деген жоспар бар. Ал БЖЗҚ-ға 200-240 млн АҚШ доллары сатып алынуы мүмкін.