АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңарқа ауылдық округінің әкімдігі бюджет қаражатын негізсіз жұмсамақ болған, деп хабарлады облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.
Ауыл әкімдігі кеңсені 19 млн теңгеге сатып алмақ болған. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тексеру кезінде Жаңаарқа ауылдық округі әкімдігінің ғимараты бар, жаңасын сатып алудың қажеті жоқ екенін анықтаған. Ал бұны жергілікті мемлекеттік қызметкерлер сайтта кеткен техникалық қателіктен деп түсіндірді. Нәтижесінде бұл лот мемлекеттік сатып алу тізімінен шығарылды.
Жалпы, өткен жылы сатып алу бағалары қайта қаралғаннан кейін мемлекеттік қазынаға 360 млн теңге, ал биыл екі айда 70 млн теңге қайтарылды.
"Жоспарлы мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны қымбаттатып көрсетеді. Дәл осындай оқиға осы Сарысу аудандық әкімдігінде болды. Құны 40 миллион теңге тұратын LED-экранды 61 миллион теңгеге сатып алмақ болған", - деді Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Ахметқалиев.
Бұл лот жойылып, экран 40 миллион теңгеге сатып алынды.