Теңгедегі депозиттерге 10 пайыз сыйақы наурызда беріле бастайды

Sputnik
АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. 10 пайыздық сыйақы наурыз айының екінші жартысында беріле бастамақ. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер клиенттерден өтініш қабылдауды 23 ақпан күні тоқтатты. Теңге депозиті бойынша сыйақыны алуға 2 млн 623 мың адам өтініш берген, деп хабарлады КТК.

Салымшылардың сұранысын өтеуге 307 жарым млрд теңге қажет. Ал ақша аудару жұмысына 20 күндей уақыт керек дейді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.
"Өтемақы сомасы салымшылардың ағымдағы шотына аударылады. Сондықтан салымшыларға банкте ағымдағы шоттың бар-жоғын тексеруге кеңес береміз. Егер жоқ болса, ашқаны жөн. Банктерден алынған соңғы дерек бойынша ең аз өтемақы сомасы 1 теңгені құрады. Ал ең жоғары өтемақы сомасы 2 млн теңге болды", - дейді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төрағасының орынбасары Алмаз Құдайбергенов.
Ал орташа төлем сомасы шамамен 117 мың теңгені құраған. Бұл 10 пайыз өтемақы банктің ай сайынғы төлейтін сыйақысынан бөлек есептеледі. Жалпы оған өтініш қабылдау өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Қаражат салымшыға 2023 жылдың 23 ақпанына дейін өзі депозит ашқан банктен беріледі. Қаржы сонда бір жыл сақталған болуға шарт. Бұдан бөлек те сыйақы берудің өзіндік талаптары бар. Өйткені онда салым бойынша өтемақыны есептеу ережесі қарастырылған. Депозит бойынша 10% мөлшерінде өтемақы төлеу – бір реттік бағдарлама. Оны қаржы министрлігі мен Ұлттық банк ұсынып отыр. Осылайша 17 банк ішінде ең көп өтініш түскендердің бірі – Отбасы банкі.
"Наурыз айында қазақстандықтардың "Отбасы банкте" ашылған 883 мыңнан астам депозиті бойынша 10 пайыз көлемінде өтемақы төленеді. Жалпы сомасы 115 млрд теңгеге жуық қаражат. Оның арасында ата-анасы баласының атына ашқан депозиті де бар. Оның көлемі 173 мыңнан асады. Ортақ сомасын айтатын болсақ, кішкентай салымшыларымыз 8,8 млрд теңге көлеміндегі өтемақыға ие болады", - деді "Отбасы банк" АҚ баспасөз хатшысы Жанар Жолтаева.