ПЕТРОПАВЛ, 28 ақпан - Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы алғаш рет Бразилияға бидай глютенін жіберді, деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
"BioOperations" ЖШС өндіретін глютен Түркия, Беларусь, Ресей, Италия, Нидерландыға импортталып жатыр. Ал осы жылдан бастап бұл тізімге Бразилия қосылды.
"Ақпан айында біздің сертификаттау жөніндегі мамандарымыз Бразилияға 45 тонна бидай глютенін әкетуге экспорттық сертификат берді. Оны өндіруші - "BioOperations" ЖШС. Сондай-ақ бұл компания былтырдан бастап өсімдік шикізатын терең өңдеу процесінде алынған биоэтанол - биоотынды Ұлыбританияға экспорттайды. Бұл өнім Еуропада автомобиль отыны үшін кеңінен қолданылады. Жүк жөнелтуші - "GGANIC Agro Export "ЖШС", - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
Солтүстік Қазақстанның бидай глютені алғаш рет Бразилияға жіберілді
© Sputnik / Елена Бережная
Еске сала кетсек, 2006 жылы салынған, бірақ көптеген жыл бойы жұмыс істемейтін "Биохим" зауытын жандандырған "BioOperations" компаниясы астықты терең өңдеумен айналысатын жоғары технологиялық кәсіпорын болып табылады.
Зауыт Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан. Биоэтанол, бидай глютені, крахмал, ұн және мал азығын өндіреді. Кәсіпорын "KazFoodProducts" компаниялар тобының құрамына кіреді.
"Біз өндіретін өнімді Қазақстанда да, шетелде де сатамыз. Экспорттық елдердің қатарында – Өзбекстан бар, онда біз кебек жөнелтеміз, Ауғанстанға ұн, Англияға биоэтанол сатамыз. Бидай глютені мен крахмалды Үндістанға, АҚШ-қа, Колумбияға, Түркияға, Ресейге, Италияға, Нидерландыға экспорттаймыз. Ал биылдан бастап Бразилияға да экспортты жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Ол жаққа 45 тонна көлемінде алғашқы жүк жөнелтіледі", - деді "BioOperations" ЖШС сату бөлімінің бастығы Амангелді Қазинов.
Солтүстік Қазақстанның бидай глютені алғаш рет Бразилияға жіберілді
© Sputnik / Елена Бережная
Оның айтуынша, зауытта күніне 40 тоннаға жуық бидай глютені өндіріледі. Ол астықты терең өңдейді. Нәтижесінде наубайхана индустриясындағы ұнның сапасын жақсартады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында мал азығын ақуызбен байытады.