АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Жетісу облысы Ақсу ауданында көкпар тартқан шабандоздар тас жолға шығып кетіп, жүргізушілерге кедергі жасаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Аудандық полиция ойынды ұйымдастырған 34 жастағы ер адамды тапты. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша жауапқа тартылды, деп мәлімдеді облыстың полиция департаменті.
"Сондай-ақ ойынның 10 қатысушысы анықталып, полицияға жеткізілді. Оларға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 614-бабы – "Көліктің жүруіне кедергі келтіру" бойынша хаттамалар толтырылды", - деді полициядағылар.
Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын заңнама талаптарын сақтауға және ойын ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органмен міндетті түрде келісуге шақырды.