АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Қостанайда бұралқы иттер жас қызға тап берді, деп хабарлады Алау порталы.
"Мен үйреншікті жолмен оқуға бара жатқанмын. Бұл иттерді бұрын да көрдім, бірақ олар маған тиіспейтін. Бұл жолы не көрінгенін, не себепті ашуланғанын білмеймін. Алдымен біреуі жүгіріп келіп, үре бастады, содан кейін екіншісі келді", - деп еске алды Даяна Брыкова.
Оның айтуынша, Тұрмыстық сервис колледжінің маңы, Абай көшесінің бойындағы бұл жерге әдетте 10 шақты қаңғыбас ит жиналады. Бірақ сол күні мұнда екі ит қана болып, жас қызды қадам аттап жүргізбей қойған.
"Менің орнымда әжем немесе кішкентай бала болуы мүмкін. Бұл иттерді бұл маңнан кетіргенді қалаймын, өйткені жүру қорқынышты. Мен шошып кеттім. Қатты қорықтым, олар менің күртешемді жыртып тастады. Үстіме ұзын күртеше киіп, жолым болды, әйтпесе олар менің аяғымды қауып алар еді", - деді студент.
Бойжеткен қалай қашарын білмей, амалсыздан өтіп бара жатқан адамдарды көмекке шақырған, бірақ ешкім келмеген. Қызды сол маңайдан өтіп бара жатқан жүргізушілер құтқарып қалды. Олар көлік сигналдарымен қаңғыбас иттерді үркіткен.
Айта кету керек, биыл Қостанай облысында бұралқы иттерді аулау, уақытша ұстау, зарарсыздандыру және чиптеу жұмыстарына 86 миллион теңге бөлінген. Бірақ ветеринария басқармасындағылар конкурстық процедуралар әлі аяқталмағанын мәлімдеді.
"Ит аулаумен зооволонтерлер айналысады. Мұндай аса қауіпті жағдайда, яғни, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнген кезде олар өтініш бойынша барып, қабаған иттерді аулап, оларды өз қаражаты есебінен күтіп-ұстайды", - дейді ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Көшубенова.