Қоғам

Қазақстанда 13,5 мың шетелдік жұмыс істейді

Sputnik
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 496 шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін – 570 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін – 3 000 рұқсат (екінші санат).
Шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 388 және 883 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 217 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 438 адам тартылды.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 645 жұмыс беруші бар. Оларда 411 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-і", - делінген хабарламада.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 458 адам; тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 879 адам; ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 733 адам; өңдеу өнеркәсібі – 1 641 адам; кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 057 адам.
Еңбек мигранттары негізінен Қытай – 3 411 адам, Үндістан – 1 693 адам, Түркия – 1 615 адам, Ұлыбритания – 1 104 адам, Өзбекстан – 391 адам елдерінен келеді.
Айта кетері, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылға шетелдік жүмыс күшін тартуға арналған квота – 22 226 (0,24%).