АСТАНА, 27 ақпан - Sputnik. Музыкант Дархан Жүнісбековтің (Darkhan Juzz) денесі Алматыға 28 ақпанда жеткізіледі, деп хабарлады сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
"Мәйітті Пхукеттен Алматыға ертең Air Astana жеткізеді. Тасымалдауға кеткен барлық шығынды әуе компаниясы өз мойнына алды", - деді Смадияров брифингте.
Оның айтуынша, жерлеу рәсімінің шығынын музыканттың достары төлейді. Сыртқы істер министрлігі марқұмның туыстары және продюсерімен байланыста.
"Біз оның отбасымен, сондай-ақ продюсерімен байланыстамыз. Ақша жинау туралы бірінші күні жарияланған болатын. Бірақ өзгеріс енгізіліп, барлық жиналған қаражат марқұмның туыстарына аударылады", - деп түсіндірді Смадияров.
Еске салсақ, Darkhan Juzz лақапатымен танымал Дархан Жүнісбеков 24 ақпанда Тайландта қайтыс болды. Ол жалға алынған мопедпен жол апатына ұшырады.