АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. 19 наурызда болатын мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 12 миллионнан астам сайлаушы дауыс бере алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, 4 наурыздан бастап азаматтар сайлаушылар тізіміне енгізіліп-енгізілмегенін тексере алады.
"Жергілікті атқарушы органдардың сайлау учаскелеріне берген сайлаушылар тізіміне 26 ақпандағы жағдай бойынша 12 032 550 сайлаушы енгізілген. Біз бір адамның екі рет қайталану, бірнеше тізімге енгізу фактілерін тексердік. Ондай ештеңе анықталған жоқ. 12 032 550 – бұл бірегей сайлаушы", - деді Петров Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Ол бүгін сайлаушылар туралы мәліметтер цифрлық қорғалған түрде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілетінін атап өтті.
"Олар SMS-хабарлама арқылы азаматтарды нақты бір учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізілгені туралы ақпараттандыру жұмысын ұйымдастырады", - деді Петров.
19 наурызда мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.
Сайлау алдындағы үгіт 18 ақпан 18.01-де басталды, ол 18 наурыз сағат 00.00-де аяқталады.
Бұған дейін ОСК мәжіліс сайлауына қатысатын барлық жеті саяси партияның партиялық тізімін тіркеді.
Айта кетері, биылдан бастап парламент мәжілісі 98 депутаттан құралады: 69 депутат партиялық тізімдер бойынша, ал 29 депутат бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады.