АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында тікұшақ апатында екі адам тірі қалды. Біреуі – "Қазавиақұтқару" АҚ жетекші инженері Сергей Щеглов. "Мой город" порталына сұхбат берген маман оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Щеглов тікұшақтың артқы жағында отырған. Ал апаттан кейін екі креслоның ортасына түскен.
"Апаттың қалай болғаны есімде жоқ. Басымнан қан ағып жатқанда есімді жидым. Екі креслоның ортасынан бірақ шықтым. Басыма шүберек басып отырдым. Сосын құтқарушылар келді. Оларға мың да бір алғыс! Темір-терсекті жылдам кесіп, мені шығарды. Әйтпесе, өзім шыға алмайтын едім. Тағы бір жігіт аман қалды. Бірақ маған жақындай алмады. Мен де өз күшіммен шығуға қорықтым. Себебі жан-жағымда дюраль істіктер шығып тұрған. Тікұшақ өртенген жоқ. Бірақ қатты мыжырайып, жартысы ғана қалды", - дейді Щеглов.
Аман қалған инженер құтқарушыларға алғыс білдірді
© Photo : МЧС Казахстана
Оның айтуынша, тікұшақпен аспанға көтерілгенде бәрі дұрыс болған. Техникада ешқандай ақау байқалмаған. Ауа-райы да жақсы болған.
"Біз үш сағаттай ұштық. Мен артта конспектілерімді оқып отырдым. Бәрі аяқ астынан болды. Есімді жисам, жерде жатырмыз. Негізі тікұшақ өте жақсы болған. Біріншіден, 2022 жылы шығарылды, жап-жаңа техника. Апаттың неден болғанын түсінбей отырмын", - деп атап көрсетті Щеглов.
Сергейдің өзі "Қазавиақұтқару" компаниясында В2 санатындағы инженер қызметін атқарады. Еңбек өтілі – 43 жыл. Тікұшақтың радио және электр құрылғыларын тексеріп жүреді.
"Қаза тапқан инженер қозғалтқыштарға жауап берген. Мен өзім Атыраудан боламын. Сол жақта ауырып қалған адамдарды және жүкті әйелдерді тікұшақпен тасимыз. Ал осы жолы бізді құтқарды. Барлық мамандарға алғыс айтамыз", - деді инженер.
Тікұшақ апаты
Кеше кешкі уақытта Батыс Қазақстан облысында МИ-8 тікұшағы жерге қатты екпінмен қонды. Экипаждың төрт мүшесі – инструктор-пилот, екінші пилот, бас инструктор-бортмеханик пен жетекші инженер оқиға орнында қайтыс болды.
Екі адам тірі қалды. Олар - "ҚазТрансОйл" компаниясының қызметкері және 62 жастағы Сергей Щеглов. Екеуін Орал қаласының ауруханасына жеткізіп, нейрохирургиялық бөлімге жатқызды. Ота жасаудың қажеті жоқ. Олар негізінен бас жарақатын алды. Енді 5-6 күн емделеді.