АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы генерал-майор Берік Біләловке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Осы жылдың қаңтар айында 2021 жылы алаяқтық жолмен қаржыны иемденіп алу фактісі туралы арыз бойынша ІІМ ішкі қауіпсіздік департаменті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Берік Біләловке қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бас прокуратура осы қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құзыретіне белгіледі", - деп жазылған хабарламада.
Жиналған материалдар тергеу құзыреті бойынша жолданды. Министрліктегілер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп барысы туралы басқа мәлімет жария етілмейтінін мәлімдеді.
Полиция генерал-майоры Берік Біләлов Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне өткен жылдың қараша айында басшы ретінде тағайындалды. Бұған дейін 2014 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың сәуіріне дейін Біләлов Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментін басқарған.
2019 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында Ақмола облысы ішкі істер департаментінің басшысы қызметін атқарған.