Экономика

Польша шекарасы жабылуына байланысты қазақстандық тасымалдаушылар шығынға батып жатыр

Sputnik
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Польша өз шекарасынан жүк көліктерінің өтуін тыйым салды. Енді қазақстандық тасымалдаушылар миллиондаған шығынға батып жатыр, деп хабарлады "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
21 ақпаннан бастап Польша – Беларусь шекарасының "Кукурики-Козловичи" өткелінде жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынды. Қазір Польшада 150-ден астам қазақстандық жүк көлігі бар, тағы 100-ден астамы Еуроодақ бағытында жолға шыққан.
"Қазақстанның экспорттық тауарларын Еуропа елдеріне тасымалдайтын қазақстандық тасымалдаушылар, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындарға жөнелтілетін еуропалық тауарлар да жаңа шектеулерге ұшырады. Логистика бұзылып, тасымалдаудың өзіндік құны қымбаттап жатыр", - деді ҰКП логистика және көлік департаментінің басқарушы директоры Мұрат Әмрин.
Қазақстан елшілігі біздің тасымалдаушылар үшін шектеулерді алып тастау қажеттігі туралы нота жолдады.
Қазақстандық көліктердің Беларусь пен Ресейге шығуы үшін Индустрия министрлігі ұлттық палатамен бірлесіп, Литвамен келіссөз жүргізіп жатыр.