Қазақстандық музыкант Darkhan Juzz дүниеден өтті

Sputnik
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбеков дүниеден өтті. Ол Darkhan Juzz лақап атымен танымал еді.
"Қаралы хабар естігенде төбемізден жай түскендей болдық. Дархан қазіргі заманғы қазақ музыкасының жарқын өкілі еді. Жарқырап жанып келе жатқан жұлдыздың мезгілсіз ағып түскені қабырғамызды қайыстырды", - деп жазды ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин.
Музыкант 31 жаста болған. Қайғылы оқиғаның себебі нақтыланып жатыр.
"Қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосатын азамат болатын. Амал нешік, ажал оны арамыздан ерте алып кетті. Алдың жарық, топырағың торқа болсын, Дархан! Сенің жарқын бейнең өнеріңді қадірлейтін жұрттың жүрегінде мәңгі сақталады!", - деді Қарин.