АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов Батыс Қазақстан облысында кеше төрт адамның өмірін қиған тікұшақ апатының мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төтенше жағдайлар минисрлігінде тікұшақ апатына байланысты брифинг өтіп жатыр. Ведомствоның ресми өкілі Руслан Иманқұлов марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
"Кеше біздің жүйе үшін қайғылы күн болды. Бір күнде біз төрт әріптесімізден – жақын достарымыздан, тәжірибелі және жоғары кәсіби қызметкерлерден айырылдық. Сонымен қатар авиациялық оқиға кезінде біздің бір қызметкеріміз Қазавиақұтқару жетекші инженері және ҚазТрансОйл өкілі зардап шекті", - деді Иманқұлов журналистерге арналған брифинге.
Айтуынша, 23 ақпанда Астана уақытымен сағат 15.48-де дағдарыс жағдайларында басқару орталығына Орал қаласынан 54 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында ТЖМ "Қазавиақұтқарудың" Ми-8 тікұшағы қонуға мәжбүр болғаны туралы ақпарат түскен.
Тікұшақ "Атырау-Орал-Атырау" бағыты бойынша ұшқан.
Сағат 10.40-та "ҚазТрансОйл" АҚ өтінімі бойынша Атыраудан ұшып шықты, бортта 6 адам – 5 экипаж мүшесі және "ҚазТрансОйл" АҚ-ның 1 өкілі болған.
"ҚазТрансОйл" АҚ-ның өтінімі бойынша тікұшақ "Өзен-Атырау-Самара" магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшты.
"2021 жылы жасап шығарылған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы 250 сағатты құрайды. 2023 жылғы 17 қаңтарда Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен болатын. 2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуге тиіс еді. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ", - деді Иманқұлов.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін БҚО ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Рашид Блялов 23 құтқарушы мен 8 техникадан тұратын топты басқарып оқиға орнына барған. Сондай-ақ оқиға орнына жедел медициналық жәрдем ауруханасының 15 дәрігері және құқық қорғау органдарының өкілдері де жетті. ТЖ департаментінде жедел штаб және "қауырт желі" телефоны ұйымдастырылды.
Сағат 19.07-де оқиға орнында ТЖД күшімен қаза тапқандардың 4 денесі табылды: әуе кемесінің командирі Довлетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев.
Қазавиақұтқару инженері Сергей Щеглов пен "ҚазТрансОйл" АҚ желілік құбыржолшысы С.С. Ерғалиев түрлі жарақатпен жедел медициналық жәрдем вагонымен Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілген.
Иманқұлов бүгін тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына баратынын атап өтті.
ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті оқиғаның мән-жайын тергеумен айналысады.