Өңірлер

"Үйдің қабырғасы қақырап кетті": Ұзынағаш тұрғындары қызыл судан зардап шегіп отыр

Sputnik
АЛМАТЫ, 23 ақпан – Sputnik. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылына қарасты "Алтын асық" ауылдық округінің тұрғындары еріген қар суынан зардап шегіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тұрлыбаевтар отбасы баспананы бес жыл бұрын алған. Сол бес жыл бойы еріген қар суынан әбден мезі болған. Қызыл су жаңа салынған баспананың іргетасын отырғызып, қабырғасын қақыратып кеткен.
Қызыл су жаңа салынған баспананың іргетасын отырғызып, қабырғасын қақыратып кеткен
"2020 жылы су тізеге дейін келетін. Бес жыл бойы сумен өзіміз алысып келдік. Тек биыл ғана барып, көмек сұрадым. Бізге төтенше жағдайлар мамандары келіп, топырақ төкті. Ол топырақты су шайып кетті. Төтенше жағдайлар мамандары тау жақтан шұңқыр қазып беріп кетті. "Енді үйіңізді су баспайды" деді. Бірақ ол шұңқыр толса не боламыз", - дейді Таңнұр Тұрлыбаева.
Төрт балалы Тұрлыбаевтар отбасы қабырғасы қақырап кеткен өз үйлерінде тұра алмай, қазіргі күні пәтер жалдап тұрады, құны айына - 60 мың теңге. Отағасы айына 150 мың теңге табады. Балаларға төленетін жәрдемақы құны 50 мың теңге. Кредиті де бар. Көпбалалы отбасының барарға тау, басарға жері қалмай тұр.
Әкімдік бұл отбасына үйдің маңынан арық қазып алуға кеңес берген
Әкімдік бұл отбасына үйдің маңынан арық қазып алу туралы кеңес айтқан. Бірақ Тұрлыбаевтар үйінің маңындағы жолға асфальт төселген. Бұл отбасының оны бұзып арық жасайтын мүмкіндігі жоқ. Төтенше жағдай саласы мен жергілікті әкімдік су ағып жатқан төбенің етегінен тереңдетіп шұңқыр қазып беріпті. 21 ақпанда шұңқыр суға толғанда өз үйінің амандығын ойлаған тұрғын суды ашып жіберген, өйткені толған су оның үйіне қарай лап қойған.
Ал екінші шұңқыр небәрі екі-ақ сағатта толып кетті дейді, Ақнұр Тәжіқұлова.
"Үйіңнің жан-жағын арық қып қазып ал, ары қарай көршің өзіне қазып алсын, солай жалғастырып кете беріңіздер, дейді әкімдік. Менің арық қазатын техникам да жоқ. Мына шұңқыр менің үйімнің жоғары жағында тұр. Егер ертең толып, маған қауіп төндіріп жатса мен де бұл шұңқырды ашып жіберемін. Үйімді су басуына жол бермеймін", - дейді ауыл тұрғыны Ақнұр Тәжіқұлова.
1 / 3

Ұзынағаш ауылы

2 / 3

Ауыл көшесі осындай

3 / 3

Жолдың жағдайы

Бүкіл еріген су "Алтын асық" ауылының біраз тұрғынын жыл сайын әбігерге салып келеді. Ал аудандық әкімдіктің уәжі мынадай:
"Әкімдікте 5-6 адам, төтенше жағдай саласында екі бригада ғана бар. Жақында ғана осындай ауласын су басқан үйлерге барып, арықтарын тазалап бердік. Қазып қойған арықтарды тұрғындар тазаламайды, қарапайым сенбілік жасауды білмейді. Ауданда 60 мыңнан астам шаңырақ бар. Әрқайсысының ауласын қарап жүру мүмкін емес. Барлық шақырған жерге шамамыз келгенше барып жатырмыз. Төтенше жағдайлар мамандары да көмектесіп жатыр. Тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Ауылдың ер-азаматтары қолдарына күрек алып, жұмыла кетсе сол судың бетін бұрып әкетуге болушы еді", - дейді Жамбыл аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы Бахтияр Айталы.