АСТАНА, 23 ақпан - Sputnik. БҚО-да тікұшақ апатынан 4 адам қаза болды, деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.
Соңғы мәліметтер бойынша, тікұшаққа төтенше жағдайлар министрлігінің іздестіру тобы жеткен. 4 адам қаза тапты, 2 адам жарақат алды.
"Азаматтық авиация комитеті тікұшақтың жерге соғылып қонуы кезінде қаза тапқан азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - делінген хабарламада.
23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысының Чапурино ауылынан 6 шақырым жерде "Қазавиақұтқарудың" 2022 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы жерге қатты соғылып қонды.
МИ-8 АМТ Атырау - Орал - Атырау бағытымен "Қазтрансойл" АҚ тапсырысы бойынша мұнай құбырын ұшып тексерген.
Бортта 6 адам – 5 экипаж мүшесі және "ҚазТрансОйл" АҚ өкілі болған. Төрт экипаж мүшесі көз жұмғаны хабарланды. Екі адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тергеу департаменті тексеру жүргізеді.