АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов энергетика министрлігі мен QazaqGaz компаниясына елдің солтүстігі мен шығысын қалай газдандыру керектігін шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін президент солтүстік және шығыс өңірлерді газдандырудың тиімді нұсқасын таңдауды тапсырған болатын.
"Бұл өңірлердің тұрғындары газды көптен күтіп жүр. Ал, біз қай нұсқаны басшылыққа алуымыз керек – бұл туралы энергетика министрлігі мен "Қазақгазда" әлі күнге дейін толық нақты жауап жоқ. Бұл мәселенің нүктесін қоятын уақыт жетті", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Осыған байланысты премьер энергетика министрлігіне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, қарастырылып отырған нұсқалар бойынша 1-ші мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауды тапсырлы.
Содан кейін ол Энергетикалық кеңестің отырысында қаралады. Үкімет отырысында энергетика министрі Болат Ақшолақов солтүстік пен шығысты газдандыру үшін екі нұсқа қарастырылып жатқанын айтқан болатын. Оның бірі - көрші Ресейден газ импорттау.
"Бүгінгі таңда "Қазақгаз" Газпроммен бірлесіп "Ресей – Қазақстан – Қытай" халықаралық газ құбырын салу мәселелерін зерделеу үшін алдын ала ТЭН әзірлеу мәселесін пысықтауда", - деді министр үкімет отырысында.