Видео

Қақаған аязда жарық пен жылусыз қалды: Екібастұздағы апаттың салдары – видео

Sputnik Қазақстан тілшілері қалаға арнайы барып, тұрғындармен, әкімдік өкілдерімен және жылу электр орталығындағы ірі апаттан кейін үйлерде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдардың өкілдерімен сұхбаттасып қайтты
Sputnik
АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Екібастұз жылу электр орталығындағы қазандық агреаттарының тоқтағанына үш айға жуық уақыт өтсе де, кейбір пәтер мен үйлер әлі күнге дейін жылусыз отыр. Оның үстіне биылғы жылдың 18 ақпанында ЖЭО-дағы кезекті апат салдарынан қала тағы да жылусыз қалды.
Ресми мәлімет бойынша қаладағы барлық үйге жылу берілді. Ал шын мәнінде пәтерлер әлі де суық, оған қоса, жарық өте жиі өшеді.
"Жарық жоқ, міне балауыз шам бар. Шаммен отырамыз, көп уақыт жарық болмай қалады. Қазір сыртты көрсетемін. Апат болған кезде духовканы қостым, қолда бармен үйді жылытып, жан сауғаладық. Соның арқасында екі подъезд аман қалды", - дейді қала тұрғыны Балия Оспанова.
Балия Оспанова Мәшһүр-Жүсіп көшесіндегі көпқабатты үйде тұрады. Өткен жылдың 27 қарашасында болған жылу электр орталығындағы апаттан кейін бір апта өткен соң бұл үйлерге жылу беріле бастады. Арада үш ай өтсе де, жылу мәселесі қала тұрғындарын әлі де алаңдатып отыр.
Екібастұз қаласының тұрғыны Әмина Әбішева жақында көп балалы ана атанады. Оның айтуынша, үйде жылытқыш пен кондиционер тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
"Жылытқыштың қуаты жетпейді, күйеуім жылытқышсыз ұйықтап жатыр. Үй қатты суық. Үйге жөндеу жұмыстары жақында жүргізілсе де, суықтан галтельдер босап жатыр. Менің үш балам бар, қазір аяғым ауыр. Балаларымды балабақшаға да, мектепке де жібермедім. Суреттерге қарасам, олар балаларды орап-қымтап жатыр. Себебі балалар жаурап жатыр. – Жылуға қандай есепшот келді? - Қаңтар айында 35 мың теңге төлемақы шықты. Тағы басқа екі бөлмелі пәтер бар, ол жақта інім тұрады. Бұл пәтірге 25 мың теңге төлем есептелген", - дейді Әмина Әбішева.
Екібастұз қаласының 67 жастағы тұрғыны Ләйла Махамбетованың айтуынша, ЖЭО-дағы апаттан кейін зейнеткер шығынға батып отыр.
"Міне, бірнеше қабат киім киіп отырмыз. Күні бойы осылай жүреміз. Батареялар жарылып, сантехник шақырдық, жаңа батареяларды сатып алып, ауыстырдық. Мұның бәрі ақша. Ай сайын жарық үшін тағы 15-16 мың төлеуге тура келеді. Біз ақша басып шығармаймыз. Шетелдік зейнеткерлерге қарасаң, үнемі саяхаттап жүреді. Ал біз әр тиынымызды санасақ та, ақшамыз коммуналдық қызмет пен азық-түлікке ғана жетеді. Шынын айтсақ, күш жоқ, мына қыстан шаршадық", - дейді зейнеткер.
Сонымен қатар ол ыстық судың жоқтығы мен үйдің салқындығына байланысты шомылудан қалғанын айтады.
"Күйеуімді жуындырмағаныма екі ай болды. Оны қалай шомылдырасың?! Ыстық су жоқ, үй суық. Жуындырсам ауырып қала ма деп қорқамын, ауруханалар да суық. Мен әрі-бері қозғалып, тамақ әзірлеп, бойым жылынады. Ол аз қозғалады, науқас болғандықтан тоңады. Кейде бас киім мен күрте киіп ұйықтайды", - деді қария.
Зейнеткер жаңа батареяларға қоса су жылытқыш сатып алуға мәжбүр болды.
"Ыстық су жоқ болған соң, 82 мың теңгеге су жылытқыш сатып алдым. Оны орнатып бергеніне тағы 14 500 теңге төледім. Ақшамды жұмсайтын жер таппаған соң емес, шарасыздықтан сатып алдым. Себебі тым болмаса ыдыс-аяқты жылы сумен жуайын дедім", - дейді зейнеткер.
Жеке сектор тұрғындары да үйдің жете жылытылмауынан зардап шегіп отыр. Дружба көшесі, 3 мекенжайындағы тұрғындар қазандық орнату туралы шешімге келді. Жылумен қамтамасыз ететін мекемелер мен әкімдік жазда жағдайды түзетуге уәде еткенімен, тұрғындардың үміті үзілгенін айтты.
"Қарағандыдан арнайы тапсырыс беріп, қазандық әкелдім. 600 000 теңге жұмсадым. Несиеге алдым, ай сайын 50 мың теңгеден төлеймін. Басқа не істеймін?! Үйде балалар бар, олар қыс бойы бірнеше рет ауырып тұрды. Денсаулық қымбатырақ", - дейді аты-жөнін атағысы келмеген қала тұрғыны.
Айта кетері, қыс бойы қаланың білім беру мекемелері біресе штаттық режимде жұмыс істеп, біресе қашықтықтан оқыту форматына көшіп жатыр.
"Қараша айынан бері сабақ онлайн өтіп жатыр ма? – Кейде бізді екінші ауысымға мектепке шақыратын. Бірақ негізінен біз бірінші ауысымда оқитыбыз. Ал қазір сабақ ойнлайн форматта өтіп жатыр. – Сендерге қайсысы көбірек ұнайды? Қашықтықтан ба, әлде ойнлайн оқу ма? – Мектепке барған дұрысырақ. – Қарашадан бастап осы қыста мектепке неше рет бардыңдар? – Білмеймін, мүмкін үш апта шығар. Нақты санамадым", - деді №24 мектептің оқушысы.
Еске салсақ, 18 ақпанда ЖЭО-дағы апат салдарынан Екібастұз тағы да жылусыз қалды.
"18 ақпанда жылу беретін коллекторда, су жылыту цехында ақау анықталды. Ол ақау реттелгеннен кейін қалаға жылу айналым арқылы жіберілді, үш энергетикалық қазандық жұмыс істеп тұрды. Яғни, станция толық тоқтаған жоқ, температура сақталып, содан кейін бұл ақау жойылғаннан кейін үш қазандық іске қосылды. Бүгінгі таңда біз белгіленген параметрлерге жеттік. Қазір ЖЭО-дан жылу жеткізу құбырлары 75%, қысым 9,2 килограмм, кері қайту құбырында 2 килограмм болып тұр. Негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр", - деді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
Айта кету керек, әлеуметтік желілерде тұрғындар қала әкімінен төтенше жағдай жариялауды сұраған. Бірақ Әнуарбек Амановтың айтуынша, жағдай соншалықты қиын емес.
Сондай-ақ ол жылу әлсіз беріліп жатқан үйлер әлі бар екенін айтты.
"Қазіргі уақытта 58 көпқабатты тұрғын үйдің ішкі жүйелерін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың 25-інде жұмыстар аяқталды, ал қалғандарында 24 ақпанда аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл жылу әлсіз, ішкі жүйелердің жұмысында ақау бар үйлер", - деді Аманов.
Жалпы қалада жылу желілеріндегі апаттан ең көп зардап шеккен үйлерде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
"Біздің мердігер ұйым 252 пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өтініштер әкімдіктен, кейбірі ЖЭО-дан келіп түседі. Бастапқыда линолеум, тұсқағаз, ламинат және тағы басқа жабдықтардың 10 түрі анықталды. Зардап шеккен үйлердің тұрғындары осылардан таңдай алады. Барлығы үш адамнан тұратын 42 бригада жұмыс істейді. Бүгінгі таңда екі жүзге жуық пәтерге жөндеу жүргіздік", - дейді "Лидер декор" мердігер ұйымының өкілі Нұрболат Ермеков.
Еске салсақ, 2022 жылдың 27 қарашасына қараған түні жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градус аязда жылусыз қалды.
Нысан олигарх Александр Клебановтың иелігінде – жыл басынан бері бұл осы ЖЭО-дағы екінші ірі апат.
28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды.
Жылу электр орталығындағы апатқа қатысты тергеу басталды. Апатты жоюға Астана мен тағы үш қаланың мамандары жұмылдырылды. Жылу электр орталығындағы апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.