Бас прокуратура азаптауға жол бермеу үшін қандай шаралар қабылдап жатыр

Sputnik
АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Бас прокуратура азаптауға жол бермеу бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап прокуратура органдары азаптау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеп-тексеріп жатыр.
Олардың жұмысын регламенттеу үшін "Прокуратура органдарында азаптаулар туралы қылмыстық істердің сотқа дейінгі тергеп-тексерілуін ұйымдастыру туралы" нұсқаулық бекітілді.
Бас прокуратура тергеу тәжірибесі мен тергеу сапасын жоғарылатумен қатар, басқа да қылмыстық қудалау органдарымен бірлесе азаптаудың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдады.
Тоқтала кететін болсақ, барлық құқық қорғау органдары мен түзеу мекемелерінде түгелдей бейнебақылау енгізу жұмыстары жалғасуда.
Азаптаудың себептерін талдау негізінде "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жазаны орындау сатысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бастандықтарын сақтауды қамтамсыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" бірлескен бұйрық жасалып, күшіне енді.
Бірлескен бұйрыққа барлық құқық қорғау органдарының басшылары қол қойды.
Оның мақсаты – азаптаулар және басқа да тергеп-тексерудің рұқсат берілмеген әдістеріне қарсы әрекеттер бойынша шаралардың тиімділігін арттыру.
Нұсқаулықта құқық қорғау органдарына азаматтарды тек жеткілікті мәліметтер болған жағдайда ғана жеткізу туралы талаптар қаралған.
Тергеушіден басқа өкілеттігі жоқ тұлғалардың жеткізілген азаматтармен қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайы бойынша тілдесуіне, сұрақ қоюына тыйым салынған.

"Жеткізілген және ұсталған азаматтар шұғыл түрде тергеу әрекеттерін жүргізу үшін арнайы кабинеттерге жөнелтілуі қажет", - деп жазылған Бас прокуратураның хабарламасында.

Арнайы кабинеттер стандарт бойынша бірінші қабатта, айқын қабырғалармен, бейнебақылау камераларымен жасақталады.
Ұсталғаны туралы дереу оның туысқанына немесе тиісті тұлғаға хабарлануға тиіс, олардың байланыс мәліметтері хаттамада көрсетілуі қажет.
Азаматтарды ұстау, жеткізу және алып келу негізділігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаптаулар мен басқа да қатаң, адамгершіліксіз немесе намысты таптауға жол бермеуге аумақтық құқық қорғау органдары басшыларының жеке жауаптылықтары бекітілді.
Айғақ жинау, жауап алу және қажетті сот сараптамаларын тағайындау бойынша кейінге қалдырылмайтын тергеу әрекеттерін жүргізу үшін азаптау жасалған орынға прокурордың дереу шығуы бойынша талаптар қойылды.