Саратов әскери институтында қазақстандық курсант көз жұмды

Sputnik
АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясының ұлттық ұланына қарасты Саратов әскери институтында оқыған курсанттың қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, 19 ақпан күні Саратов әскери институтында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери қызметшісінің 3 курс курсанты қаза тапқан.
"Ол 2020 жылы "Арыстан" мамандандырылған лицейін бітіргеннен кейін іріктеуден өтіп, "Ұлттық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету" мамандығы бойынша оқу үшін Ресей Федерациясы Ұлттық ұлан әскерлерінің Әскери институтына жіберілген болатын", - делінген ресми хабарламада.
Қазақстанның ұлттық ұлан академиясының қолбасшылығы әскери қызметшінің қаза болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Айта кетері, Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сәйкес, 19 жастағы курсант оқтан қаза тапқан. Кешкі сағат 18:00-де Калашников автоматын алып, кезекшілікке шыққан. Бірақ сап түзеуге келмеген. Бір сағаттан кейін жас жігіттің денесі киім кептіретін бөлмеден табылды. Қазіргі кезде тергеу шаралары басталды.