ПАВЛОДАР, 21 ақпан - Sputnik. Павлодарда жеке жылыту қазандығы жарылып, екі адам зардап шекті.
Оқиға куәгерлері солтүстік өнеркәсіп аймағынан шыққан қатты дауыс естігенін айтады.
ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Павлодар ЖШС қазандығының ғимаратындағы жарылыс газ-ауа қоспасы салдарынан болған.
43 жастағы компрессор-операторды күйік шалып, Павлодар қаласының №1 ауруханасына жатқызылды. Ауруханаға түскен жұмысшының жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр.
"Ер адам кеше сағат 17.15-те бірінші қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның басы, беті, денесі, қол-аяғы, денесінің 40-45%-і күйген. Сондай-ақ 10% термоингаляциялық күйік шалып уланған. Жағдайы ауыр", - деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Ал 59 жастағы автогаз таситын көлік жүргізушісінің құлағы жарақатанған. Ол ауруханаға жатудан бас тартты.
Жарылыс салдарынан қазандық ғимараты жартылай қирап, шатыры құлаған.