АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова коронавирустан болған өлім-жітім статистикасы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2022 жылы індеттен қайтыс болған адамдар саны – 793, оның ішінде 643-і коронавирус, 150-і ковидтік пневмониядан көз жұмды. Ал 2023 жылдың басынан бастап 10 адам (үшеуі – коронавирус, жетеуі – ковидтік пневмония) қайтыс болды", - деді Қожапова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, пандемия басталғалы бері республикада 1 млн 400 мыңнан астам адам коранавирус жұқтырды, 90 мыңнан астамы пневмонияға шалдыққан.
Қазір барлық өңір "жасыл" аймақта тұр.
"Тәулігіне коронавирус жұқтыру 120 жағдайға дейін, пневмония 20 жағдайға дейін тіркелуде. Науқастардың 99 пайызы емделген. "Омикрон" штамы әлі айналымда", - деді басқарма басшысы.