АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Павлодар облысындағы Ақсу қаласында такси жүргізушілері жолға таласпайды, олар қайырымдылық жасап жарысады. Жүздеген адам қатысатын бастама аясында ауыл балаларына сан алуан сыйлықтар жеткізіледі, киім-кешек таратылады. Қарттар үйінің тұрғындары да дән риза. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген "Мәке бригадир" қайырымдылық шаралары туралы айтып берді.
Ауыл халқына көмектескенді жөн көрдік
"Бұл идея пандемия кезінде ойымызға келді. Өзіңіз білесіз ғой, ел жұмыссыз қалды, әсіресе ауылдың жағдайы қиындап кетті. Өйткені халық үйден шықпай қалды, садақа жинайтын мешіттер де жабылды. Ауыл адамдары аш қалды деп естідік. Содан Ораза айында азық-түлік таратуға шешім қабылдадық. Сол күні такси жүргізушілері отырған WhatsApp чаттарға үндеу тастадық. Барлығы бірауыздан қолдады", - дейді Ақсу қаласының тұрғыны Марат Кәкімжанов.
Ақсу қаласында такси жүргізушілері қайырымдылық жасап жүр
© Photo : Марат Кәкімжанов
Марат Әбішұлы – Қарағанды облысының тумасы. Біраз жыл кенші болып жұмыс істеген. Бригадир болды. Одан кейін денсаулығына байланысты жұмыстан шығып кетті. Ақсу қаласына көшіп, такси қызметімен айналысып кетті. Бірақ "бригадир" атағынан айырылған жоқ. Барлығы оны "Мәке бригадир" деп атайды. Өйткені бәріне бас-көз болып жүреді, қайырымдылық шараларын да реттеп отырады.
"Сол жылы біраз ақша жиналды. Қазір есімде жоқ, бірақ ауылды жерлерде тұратын 38 отбасыға азық-түлік апардық. Қалада таратқан жоқпыз. Өйткені ол жерде көмек беретін ұйымдар көп. Ал алыстағы ауылдарға көбісі бара бермейді. Біз жергілікті тұрғындармен ақылдасып, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және тағы басқа әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға көмектестік. Сосын бәрін фото-видеоға түсіріп, чатта есеп беріп отырдық", - деп атап өтті Кәкімжанов.
Қайырымдылық Оразамен шектелмеді
Ақсудың таксишілері Оразадан кейін қайырымдылық істерін тоқтатпады. Жаңа жылда тағы ауылды аралап, балаларға сыйлық таратты.
Ақсу қаласында такси жүргізушілері қайырымдылық жасап жүр
© Photo : Марат Кәкімжанов
"Сол жаңа жылда 140 балаға сыйлық апарып бердік. Әрбір такси жүргізушісі бірнеше сыйлықты алады да, ауылдарды аралайды. Сөйтіп, жыл сайын кем дегенде 130-140 балаға сыйлық жасаймыз. Осы жолы да жаңа жылда Құркөл деген ауылдың балалары мектеп директорынан: "Биыл таксист ағалар келе ме? Подарка әкеле ме?" деп сұраған екен. Біз ол ауылға киім-кешек те жинап бердік. Бәрін мектепке үйіп қойдық. Тұрғындар сол жерге барып, өзіне келетін киімді таңдап алды", - деп еске алды Марат Әбішұлы.
Үш жылдың ішінде такси жүргізушілері Ақсу, Мәмәйіт (бұрынғы Грязновка), Евгеньевка, Көктерек (бұрынғы Путь Ильича), Еңбек пен Беловка ауылдарына көмек берді. Ақсу қаласындағы қарттар үйіне барды.
Ақсу қаласында такси жүргізушілері қайырымдылық жасап жүр
© Photo : Марат Кәкімжанов
"8 наурызда қаладағы қараттар үйіне барып, әжелерге тәтті торттар апарып берді. Енді ол кісілер алма сияқты қатты нәрсені жей алмайды ғой, жұмсағынан апарғанды жөн көрдік. Олар дән риза, батасын беріп отырады", - дейді Мәке бригадир.
Қайырымдылық туралы бірер сөз
Ақсудың жігіттері қайырымдылық қорын ашу жоспарда жоқ дейді. Себебі ондай ұйымды ұстауға да біраз қаражат қажет. Бухгалтериясы машақатқа айналады. Ал чатпен есеп берген оңай әрі тиімді. Әрбір адам қайырымдылыққа жіберген ақшасының қайда кеткенін көріп отырады.
"Қайырымдылық деген оңай шаруа емес. Әрбір адам қалтасына қарай көмек жасайды ғой. Біреу ақшамен береді, біреу азық-түлікпен жібереді. Мысалы, қап-қап картоп бергендер болды. Біз оны сұрыптап, пакетке саламыз да, таратып береміз. Бірақ міндетті түрде түбіртегіне дейін салып, фото-видеомен есеп беріп отыру керек. Сонда сенім болады", - дейді Кәкімжанов.
Ақсу қаласында такси жүргізушілері қайырымдылық жасап жүр
© Photo : Марат Кәкімжанов
Қазіргі кезде қайырымдылыққа қатысатын такси жүргізушілерінің саны жүзден асады. Әсіресе, жастар белсенді, бір рет қайырымдылық жасағаннан кейін тағы көмек беруге асығады.
"Біз көбінесе жастарды алып барамыз. Бір рет барып көргеннен кейін көбісінің санасы өзгереді екен, қайырымдылық жасауға асығады. Барғысы келеді, бірдеңе болса, апарғысы келіп отырады", - дейді Марат Әбішұлы.
Такси жүргізушілері алдағы Ораза айында қайырымдылық істерін жалғастыруға мүдделі.