АЛМАТЫ, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстандықтар балалардың көзінше кеміргішті өлтірген мұғалімге наразылық білдірген.
Алматының білім басқармасы бұл оқиға 17 ақпанда қаланың жеке мектебінде 10-сыныпта биологиядан қосымша практикалық сабақта болғанын хабарлады.
"Мұғалімнің айтуынша, ол оқушылардың өтінішін орындаған. "Анатомия және физиология" бөлімін жалпылау үшін теңіз шошқасының ішкі мүшелерін көрсету мақсатында аутопсиямен тәжірибелік сабақ өткізген", — деп хабарлады ведомство.
Бұдан былай мұндай фактілерге жол бермеу бойынша мектеп педагогтарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
"Сондай-ақ мектеп әкімшілігіне қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру және жануарларға қатыгездіктің алдын алу мақсатында мектепішілік бақылауды күшейту және тәрбие жұмысы бойынша ұсыныстар берілді. Биология пәнінің мұғалімі өз еркімен жұмыстан шықты", - деп қорытындылады Алматы қаласының білім басқармасы.
Айта кетері, жануарға қатыгездік жасағандар 120 АЕК (2023 жылы 414 мың теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді, не сол мөлшерде 120 сағатқа түзеу жұмыстарына жегіледі немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады.