АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Алматы облысының прокуратурасы салық органдары тарапынан кәсіпкерлік субъектілерінен жарнама үшін заңсыз салық өндіру фактілерін анықтады, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
"Жарнама туралы" заңда жарнаманың түрлері нақты көрсетілген. Дүкен маңдайшалары оған жатпайды. Алайда жергілікті атқарушы органдар бизнес субъектілерінің жарнамалары туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына жолдағанда маңдайшаларды да жарнама ретінде көрсеткен.
"220 кәсіпкерге қатысты осындай заңбұзушылықтар анықталды. Прокуратураның қадағалау актісі негізінде бүгінде заңсыз өндіріп алынған салық 60 кәсіпкердің дербес шотына артық төлем ретінде есептелді", - дейді прокурорлар.
Мамандар "Жарнама туралы" заңның 11-бабы, 1-1-тармағы бойынша маңдайшалар сыртқы жармаға жатпайтынын еске салды.
Прокуратура органдары заң бұзылса, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын мобильді топтарға хабарласуға кеңес беріп отыр. Телефоны: 8 707 177 71 01.