АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Қазақстан аумағы арқылы үшінші елдерге одан әрі экспорттау мақсатында ресейлік астықты заңсыз әкелу схемасы анықталды. Бұл туралы облыстың көлік прокуратурасының үйлестіруімен қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 2021-2022 жылдары қазақстандық компания Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға 1 миллиард теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна ресейлік астықты экспорттаған.
Бұл ретте компания жеңілдетілген экспорттық тарифті алу үшін отандық шаруа қожалықтарынан астықтың Қазақстан өнімі екенін растайтын жалған шот-фактураларды пайдаланған.
Бұл схема компанияға транзиттік тарифтен жалтаруға мүмкіндік беріп, "ҚТЖ жүк тасымалы" ЖШС-ға 150 миллион теңгеге жуық шығын келтірген.
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны хабарланып отыр.