АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Шымкент қаласында қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған ер адам ұсталды. Атыс кезінде бір адам жарақат алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, бүгін сағат 14:40 шамасында Иляев-Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында орналасқан қару-жарақ дүкенінің дабыл түймесі іске қосылды.
Оқиға орнына бірден қауіпсіздік агенттігінің қызметкерлері барды. Көшеде атыс басталды. Қару асынған ер адам күзетшіні жаралады. Полиция көлігін басып алмақ болды. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстады.
"Ұсталған ер адам – Өзбекстан азаматы. Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрады. Одан шолақ мылтық және ұрланған Сайга карабині тәркіленді", - делінген ресми хабарламада.
Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.