АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі "Ашық НҚА" порталында егін егу жұмыстарына дизель отынын бөлу ережесінің жобасын жариялады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомство дизель отынын бөлудің барлық процесін қамтитын ереже жобасын әзірледі. Солярканы жеткізу операторларын анықтау комиссиясының жұмыс тәртібі, субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде дизель отынының көлемін электронды түрде қалыптастыру және бөлу процесі айқындалған.
Министрліктің хабарлауынша, шаруалар үшін жанармай көлемін қалыптастыру және бөлу егіс алқаптарын ескере отырып, жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Егіс түрлері бойынша гектарына дизель отынын тұтыну нормативтеріне сәйкес болады.
Дизель отынын алатын шаруалардың тізімі автоматты түрде gosagro.kz порталында құрылады.
Қазіргі уақытта ереже жобасы салалық қоғамдық ұйымдар мен "Атамекен" ҰКП-да қарастырылуы және мақұлдау процесінде тұр.