Елорда тынысы

Астанада жеке сот орындаушы борышкердің 15 млн теңгесін өз қажетіне жұмсап жіберген

Sputnik
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Астанада бұрынғы жеке сот орындаушы өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін екі жылға сотталды.
Қалалық соттың ақпаратынша, 2019 жылы Астананың жеке сот орындаушысы борышкерден 15 млн теңге алған. Бұл ақша үшінші адамның пайдасына қарызды өтеуге арналған. Алайда сот орындаушы оны өз қажетіне жұмсап жіберген.
Сотта сот орындаушы кінәсін жартылай мойындады.
Байқоңыр ауданының №2 соты Қылмыстық кодекстің 251-бабы 2-тармағы (өкілеттігін теріс пайдалану) бойынша бұрынғы сот орындаушыны кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Алайда экс-жеке сот орындаушының қылмысы ауырлығы орташа қылмысқа жататындықтан, амнистия туралы заңға сәйкес оның жаза мерзімі 1/2-ге қысқарды.
Осыған байланысты оған орындау құжаттарымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыру түрінде түпкілікті жаза тағайындалды.
Бұдан бөлек, сотталушыдан 15 млн теңге материалдық шығын және 500 мың теңге моральдық залал өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.