АЛМАТЫ, 19 ақпан - Sputnik. Түркияның Қахраманмараш провинциясындағы Гёксун ауданында магнитудасы 5,1 жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.
Жер дүмпуі 18 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 22:31-де 12,18 км тереңдікте болған.
Түркиядағы жойқын жер сілкінісі құрбандарының саны 40 642 адамға жетті. Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы апаттар мен төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезер сенбіде Анкарада өткен брифингте хабарлады.
Оның айтуынша, апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жексенбі, 19 ақпанда аяқталады.
"Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару операцияларына 13 мыңға жуық адам қатысты. Шетелден көмекке келгендерге шын жүректен алғыс айтқым келеді. 80 елден келген құтқарушылардың бір бөлігі отанына оралды", - деді AFAD басшысы.
Сезер жер сілкінісінен зардап шеккен провинциялық тұрғын үйлердің 50 пайыздан астамы тексерілгенін айтты.
Апат аймағынан 430 мыңнан астам адам эвакуацияланған.