Қарағандыда 85 жастағы таксист қария тұрғындарды тегін тасиды

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 ақпан - Sputnik. Қарағандылық 85 жастағы таксист Астаби Булканов халыққа тегін қызмет көрсетіп жүр, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Ерекше кәсібінің арқасында мейірімді ақсақал халықтың ризашылығына бөленіп жүр. Ол жолаушыларды діттеген жеріне үнемі тегін жеткізіп салады.
"Біздің үй аялдамадан өте алыс. Боран мен аяз болған кезде оған жету мүмкін емес. Ал таксилер барғысы келмейді. Астаби аға әрдайым көмекке келеді. Біз жолақысын ұсынамыз, бірақ ол мүлдем бас тартады", - дейді Қарағанды тұрғыны Мұрат Құсайын.
70 жыл көлік тізгіндеген Астаби Булкановтың қазіргі темір тұлпарына да жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Оның антикварлық көлігі - атақты "Жигули". Бос уақытының көп бөлігін көлікте өткізеді. "Клиенттердің" алғысы-менің "жалақым", деп әзілдейді қария.
"Мен жас кезімнен адамдарға көмек көрсеткенді жақсы көремін. Бұл менің жаным қалайтын сүйікті ісім деп айтсам да болады. Адамдардың алғысын аламын, олармен сөйлесемін. Күніне кем дегенде бір рет қаланы айналып келмесем, ол мен үшін сәтсіз күн болғаны. Көлігім ескі, бірақ ол менің жан досым", - дейді ол.
Отбасы бірнеше рет зейнеткерге жаңа көлік сыйламақ болған. Бірақ досқа адал ақсақал туыстарының бұл ұсынысын құп көрмеген. Оның айтуынша, темір досқа да опасыздық жасауға болмайды.