Бүгінде Қазақстанның әрбір азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлейді. Оның мөлшері халықтың әртүрлі санаттары үшін әртүрлі. Қазақстандықтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін ай сайынғы жарнаны қалай пайдалана алады? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Міндетті медициналық сақтандыру не үшін енгізілді
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бері жұмыс істейді. Бұл жүйені енгізу кезінде мемлекет бірнеше мақсатты көздеген еді:
медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемін арттыру.
халықтың шығынын азайту. Бүгінде сақтандырылған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен бөлек қосымша медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Олардың арасында ем-домы қымбат қызметтер де бар;
медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. МӘМС жүйесі аясында ақша пациенттің артынан жүреді. Пациент өзі қаралатын дәрігерді немесе емхананы өзі таңдайды. Яғни халық қай емханаға жиі жүгінсе, қаражат та сол ұйымға көп аударылады. Денсаулық сақтау ұйымдары медициналық қызметтің сапасын көтеруге мүдделі болады.
ақхалаттылардың жалақысын өсіру;
тегін берілетін дәрі-дәрмек тізбесін кеңейту.
Жарнаны кімдер төлейді
Жұмысшылар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын жұмыс берушілер қызметкердің жалақысы есебінен төлейді.
2023 жылы оның мөлшері:
жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жалақының 3% мөлшерінде. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК (700 000 теңге) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды;
жалдамалы жұмысшылар және азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтіндер үшін – табыстың 2%-і, ең жоғары сомасы 14 000 теңгеден аспайды;
жеке кәсіпкерлер, жеке нотариус, адвокат, кәсіби медиатор, шаруа қожалығының иесі – ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-і немесе 4 900 теңге;
өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар – республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін бірыңғай жинақ төлемі 1 АЕК құрайды, яғни 2023 жылы – 3 450 теңге.
Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге;
дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ 5% немесе 3 500 теңге.
Бұдан бөлек, халықтың 15 санатына жарнаны мемлекет төлейді. Олар:
балалар;
жұмыссыз ретінде тіркелгендер;
жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі);
жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар;
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар;
зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқандар;
тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар;
жұмыс істемейтін қандастар;
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;
мүгедектігі бар адамдар;
орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқандар;
мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыздар.
Биылдан бастап бұл санаттағы әрбір адамға сақтандыру қорына мемлекет есебінен 4 505,6 теңге аударылады.
Айта кетері, 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жарнасы заң бойынша әрбір азаматқа міндетті саналады.
Егер адам қиын жағдайға тап болып, орынды себеппен жарна төлеуге қаржылық мүмкіндігі болмаса, ол халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына өте алады. Осылайша ол үшін сақтандыру төлемдерін мемлекет аударып тұрады.
Сақтандырылған қазақстандықтар қандай медициналық көмекті тегін алады
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын және ай сайын жарна аударып тұратын азаматтарға мына медициналық қызметтер тегін көрсетіледі:
профилактикалық медициналық тексерістер;
учаскелік дәрігердің нұсқауымен арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және консультациясы;
созылмалы дертке шалдыққан науқастардың бейінді мамандардың бақылауында болуы;
халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;
халықтың белгілі бір санатына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету;
диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ);
мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық медициналық көмек;
медициналық оңалту;
стационарда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
Тісті емдеу тегін бе
МӘМС аясында стоматологиялық қызметтер халықтың жекелеген санаттары үшін ғана тегін.
Мәселен, жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.
Ал шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұқпалы және әлеуметтік мәні бар дертке шалдыққан науқастар ала алады.
МӘМС аясында берілетін дәрі-дәрмек
Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі бері ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрі-дәрмектің тізімі едәуір кеңейді.
Сақтандыру қорының ақпаратынша, бүгінде МӘМС жүйесінде 79 ауру тобы бойынша дәрі-дәрмектің 265 атауы тегін беріледі. Соның ішінде инфекциялық, паразиттік, жүйке жүйесі, көру, тыныс алу органдары аурулары да бар. Дене қызуын түсіретін, қабынуға қарсы препараттар мен антибиотиктерді де тегін алуға болады.
Ол үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Учаскелік дәрігер науқастың денсаулығын тексеріп, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек алуға рецепт жазып береді. Пациент емхананың дәріханасына барып, жеке куәлігі мен рецепті көрсетіп, дәріні тегін алуға құқылы.