АСТАНА, 18 ақпан - Sputnik. Түркиядағы жер сілкінісі аймағында тазартылатын үйінді көлемі 100 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Апат аймағынан жиналған үйінді көлемі 660 стадионды толтыруы мүмкін, деп хабарлайды Anadolu агенттігі мамандарға сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Түркияның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы бірқатар провинцияда тұрғын үй қорына мониторинг жалғасып жатыр. Қираған үйлер үйінділерін тазалау басталды.
Ғимараттарды сүретін мердігерлер қауымдастығының бұрынғы басшысы, MAB Yıkım директорлар кеңесінің төрағасы Мехмет Әли Булут Түркияда қазір сүру жұмыстарын жүргізетін 480 мердігер жұмыс істейтінін айтты. Тиісті аттестациядан өтпеген немесе сертификат алуға мүлде өтініш білдірмеген компанияларды есепке алғанда құрылыс компанияларының саны 2 мыңға жетуі мүмкін.
Ол апатты аймақта сүрілетін ғимараттардың көп екенін атап өтті.
"Ғимараттарды кәдімгі әдістермен жылдам бұзу мүмкін емес. Бұзу процесі екі жылға дейін созылуы мүмкін. Әрине, жарылғыш заттарды қолдану арқылы процесті тездетуге болады, бірақ біздің елде мұндай мамандар жеткіліксіз", - деді Булут.
Бұл ретте үйінділер арасында жиналған темірді өңдеуге жіберуге болатынын атап өтті.
"Бірде-бір грамм темірді лақтыруға болмайды. Барлығын экономикаға қайтару керек. Билік қазірдің өзінде 61 722 ғимаратты бұзу жоспарын жариялады, бұл 89 миллион тонна үйінді тазарту керек деген сөз. Қираған ғимараттардың үйіндісі 100 миллион тоннаға жетуі мүмкін. 1 миллион 750 мың тонна металл сынығын алуға болады, бұл экономикаға 6 миллиард 600 миллион лира әкеле алады. Апат аймағынан шыққан үйінді көлемі 660 стадионды толығымен толтыруға жетеді ", - деді Булут.