Қостанайда жол апатынан қайтыс болған әйелдің туыстары куәгерлерді іздейді

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 ақпан – Sputnik. Қостанай – Қарабұтақ тасжолында жол апатынан қаза тапқан екі бала мен олардың анасының туыстары оқиғаның куәгерлерін іздеп жатыр, деп хабарлады Alau.kz.
Қайғылы оқиға 7 ақпанда Елизаветинка ауылы мен Тобыл ауылы арасында болған. Полицияның мәліметінше, 33 жастағы әйел алдындағы көлікті басып озамын деп қарсы бағытқа шығып кеткен.
Апат салдарынан 33 жастағы жүргізуші әйел мен оның екі кәмелетке толмаған баласы оқиға орнында қаза тапты. Көлік соқтығысқан кезде өртеніп кеткен. Бұл мәліметті Қостанай облысы полиция департаменті таратты.
"Жаңа мән-жайдың туындауына байланысты шұғыл түрде қосымша ақпарат қажет! 7 ақпанда ақ түсті Jac s3 көлігінің апатқа ұшырағанын көрген жандар болса хабарласуды сұраймыз. Авторегистраторларға түскен бейнематериалдар болса жіберулеріңізді өтінеміз", - деп марқұмдардың туыстары халықтан көмек сұрады.
Еске сала кетейік, Қостанай-Қарабұтақ тас жолының 470-ші шақырымында, Аят өзеніндегі көпір аумағында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысқан болатын. Jac s3 көлігін 33 жастағы Лисаков тұрғыны Тамара Соколова жүргізген, онымен бірге 9 жасар егіз балалары болған. Олар Қостанайдан үйіне көлікпен келе жатқан. Анасы мен балалары оқиға орнында көз жұмды.