АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Таразда инфаркт алған әйелге уақытында көмек жібермеген жедел жәрдемнің диспетчері жұмыстан шығарылды. Ол тілі күрмеліп қалған әйелді маскүнем деп ойлаған.
Жүрегі ұстап қалған қала тұрғыны дәрігерлер жеткенше қайтыс болды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Пациентпен бірінші болып сөйлескен диспетчер жұмыстан қуылса, тағы екі маман сөгіс алды. Ал диспетчерлік қызметке жауапты бас мамандарға және бас дәрігердің екі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.
Прокуратура да тексеріс өткізді. Оған сәйкес, қылмыстық іс ашуға толық негіз бар. Марқұмның туыстары да қылмыстық істің қозғалғанын талап етіп отыр.
"Біз істің аяғына дейін жеткізілгенін қалаймыз. Прокуратура қылмыстық істі қозғауға негіз бар деді, оны қозғауға міндетті. Бірақ тергеуші байланысқа шықпай жатыр", - Людмила Остапенко.
Оның айтунша, адам өліміне кінәлі мамандар жеңіл жазамен құтылып кетті.
"Істі әдейі созбалаңға салып жатқан сияқты. Өйткені кез келген қылмыстық істің мерзімі бар ғой. Уақыты өтіп кетсе, іс қозғай алмайсың", - деп атап көрсетті марқұмның апасы Ирина Шаевская.