АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Каспий құбыр консорциумы бас директоры Николай Горбань КҚК тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және дамыту мәселелерін талқылады.
Смайылов КҚК Қазақстанның мұнай өнеркәсібінде маңызды рөл атқаратындықтан, оның тұрақты жұмысы үкіметтің ұдайы назарында екенін атап өтті.
"Өткен жылы теңіз терминалында айлақ құрылғыларының бұзылуына байланысты КҚК қызметінде шектеулер болды. Жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, бүгінде барлық шектеу алынып тасталды. Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін барлық тиісті шараны қабылдау қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының пікірінше, құбырдың өткізу қабілетін арттыру – маңызды мәселе, бұл Қазақстаннан мұнайдың қосымша көлемін тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал Николай Горбань КҚК мұнай құбырының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және қолданыстағы жабдықтардың сенімділігін арттыру үшін барлық қажетті шара іске асырылатынын атап өтті.
КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 км құрайды. Бұл бағытпен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының басым бөлігі тасымалданады. КҚК теңіз терминалы жағадан едәуір қашықтықта, соның ішінде қолайсыз метеожағдайларда танкерлерді қауіпсіз жүктеуге мүмкіндік беретін үш айлақ құрылғыларымен жабдықталған.