АСТАНА, 16 фев – Sputnik. Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Мәскеуде Ресейдің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі министрі Ирек Файзуллинмен кездесті.
Кездесуде сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласын дамыту, сондай-ақ құрылысты цифрландыру, ипотекалық несиелеу және мемлекеттік сараптама саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Әсіресе Марат Қарабаев сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы нормалар мен ережелерді біріздендіруге ерекше тоқталды, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігің баспасөз қызметі.
Министрдің айтуынша, осы ынтымақтастықтың аясында ТМД ғалымдары Орталық Азияның құрылыс нормаларында сейсмикаға төзімділік талаптарын жетілдіру бойынша тәуекел картасын әзірлеуге арналған зерттеулерді жүргізіп келеді. Бұл зерттеудің деректері жер қыртысындағы жарылған жерлерді анықтап, тектоникалық қозғалыстар мен Орталық Азия елдері аумағындағы сейсмикалық қауіпті аймақтарда есептеу жүргізіп, осы ақпаратты бірлесіп талдау үшін пайдаланылмақ.
Сондай-ақ Ресейдің астанасына барған іссапарында ведомство басшысы Марат Қарабаев РФ көлік министрі Виталий Савельевпен де кездесті. Оның барысында Қазақстан мен Ресейдің автокөлік саласындағы ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ жүк әрі жолаушылар автотасымалы бағытындағы екіжақты үкіметаралық келісім жобасын дайындау мәселелері қаралды.
Бұдан басқа цифрлы тахографтарды пайдалану, екі мемлекеттің шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту және "Солтүстік-Оңтүстік", "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" мен "Меридиан" көлік дәліздерін дамыту, сондай-ақ ресейлік тасымалдаушылардың еліміздің аумағына жүктерді қайта тіркеу (қайта тиеу) арқылы тасымал жұмыстарын үйлестіру сынды мәселелер қаузалды.
Сондай-ақ бұл күні ҚР ИИДМ басшысы Ресей Федерациясының энергетика министрі Николай Шульгиновпен кездесті. Тараптар битум жеткізу мәселелерін талқылап, энергетика саласындағы ынтымақтастық екіжақты қатынастардың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында Марат Кәрімжанұлы РФ үкімет төрағасының орынбасары – РФ өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесу өткізеді.