АСТАНА, 15 ақпан - Sputnik. Қарағанды облысында балта ұстаған ер адам көлікті зақымдап, есігін ашпақ болды. Көлікте сәби мен анасы отырған, деп хабарлайды облыс полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Бұл факт Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("бұзақылық") бойынша тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - деп түсіндірді полиция.
Күдікті - 58 жастағы ер адам. Жәбірленуші болған оқиғаны айтып, әлеуметтік желіде бөліскен. Оның айтуынша, күйеуі, қызы үшеуі жер үйлер секторына келген. Күйеуі үйге кіріп кетіп, әйел бір жасар қызымен көлік ішінде қалған.
Осы кезде қолында балтасы бар бейтаныс адам көлікке келіп, фарларды сындырып, көлік есігін ашпақ болған. Абырой болғанда көліктің есіктері ашылмай, әйел мен бүлдіршін аман қалған.
"Ол есікті аша алмағандықтан кетіп қалды. Мен дереу күйеуіме қоңырау шалдым. Ол жүгіріп шығып, ер адамның артынан қуа жөнелді. Біз полицияға арыз жаздық. Бірақ полиция еш шара қолданбайтынын айтты. Олардың пікірінше, балталы адам бізді өлтірген жоқ, жарақаттаған жоқ. Қазір күдікті еркіндікте жүр. Оның келесі құрбаны кім болатыны белгісіз. Мұны осылай қалдыруға болмайды. Біз бәріміз адамбыз және бәріміздің балаларымыз бар. Осыдан кейін қалай тыныш өмір сүруге болады", - деп жазды жәбірленуші.
Еске сала кетсек, 13 ақпанда Петропавлдағы №4 мектептің 9-сынып оқушысы балтамен сабаққа келіп, үш баланы жарақаттады.