АСТАНА, 16 ақпан - Sputnik. Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дене тәрбиесі және спортты, сондай-ақ туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаларының жобалары қаралды.
Туризм саласын дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 турдестанициясында инфрақұрылымдарды жаңғырту, сервис сапасын арттыру, халықаралық аренада еліміздің туристік әлеуетін ілгерлетуді іске асыру көзделіп отыр, деп жазады Primeminister.kz.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Баянауыл курорттық аймақтарына апаратын автожолдарды салу және қайта құрылымдау, демалыс аймақтарын мобильдік байланыспен 100% қамту жоспарланған.
Бұдан бөлек, Шучье-Бурабай курорттық аймағында қажетті инженерлік желілер жүргізу, су қоймаларында қосымша суда құтқару станцияларын салу сынды іс-шаралар қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, жаңа әуе бағыттарын ашу, туристік қызметтерді цифрландыру, қонақүй бизнесінде және саланың басқа секторларында стандарттарды арттыру жұмысы жүргізіледі.
2030 жылға дейін барлық шараны іске асырудың нәтижесінде ішкі туристердің санын 11 миллион адамға дейін, шетелдік туристерді – 4 миллион адамға дейін арттыру көзделген.
"Салада жұмыспен қамтуды – 800 мың адамға дейін жеткізу жоспарланған. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес туризмді дамыту бойынша Қазақстанды әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосу көзделіп отыр", - деді министр.
Оралов тұжырымдамада азаматтарды, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды дене тәрбиесімен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға баулу, жоғары кәсіби спорттық резервті қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортын дамыту жөніндегі шаралар қарастырылғанын да баяндады.