Құмар ойын мен есірткіге 100 млн жұмсаған алматылық басынан өткен оқиғасын айтып берді

Sputnik Қазақстан тілшісі аяғын шалыс басып, тағдыры талқан болған 30 жастағы ер адаммен сұхбаттасты
Sputnik
АЛМАТЫ, 15 ақпан – Sputnik. Қанат Оралов (аты-жөні өзгертілген) орда бұзар жастағы азамат. Өнегелі отбасында дүниеге келіп, ата мен әженің әке мен шешенің тәрбиесін қатар алған. Ата-анасы да елге сыйлы жандар. Дәулеті мол. Қанат та ата-ана алдынан кесе көлденең өтпеген жан. Тәрбиелі, ақылды, кішіпейіл. Дәл осындай жанның өмірі құрдымға кетеді деп ешкім ойламаған.
"Нашақорлыққа дейін бір үйдің тап-тамаша азаматы болдым. Жұмыста, оқуда, ортамда сыйлы болдым. Әкем ауылда өте сыйлы адам еді. Оның баласы нашақор болады деген ешкімнің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген дүние. Доспен дос бола білдім, талай адамның қайғысына ортақтасып, демеу болдым. Достарым үнемі қасымда, тіпті үйден кетпеуші еді. Ойын, нашақорлық пайда болғалы қарызға батып, елдің бәрін алдай бастадым", - дейді Қанат Оралов.
Елден алған қарызын қайтармау үшін әртүрлі өтірікті ойлап тапқан Қанаттың өмірі құрдымға кете береді. Ол бір жыл бойы құмар ойынға салынса, одан кейінгі бір жыл мефедрон иіскеген.
"Мен лото ойнадым. Бара-бара ойнамасам тұра алмайтын ауруға айналдым. Оны қойдым, бірақ орнын басатын нәрсе іздей бастадым. Сосын мефедрон иіскей бастадым. Нашаны қолданып жүрген кезде ешнәрсе байқамадым. Ойлағаның наша болған кезде ештеңеі байқамайсың, ешбір адам көзіңе көрінбейді, іздегенім жабық жер, жабық орта. Бой тасалап, өмірім де, өзім де қараңғыда жүрдім. Әке-шешем, ата мен апам үшін осы дертті қоймаған мына маған әйелім мен бала-шағамның сөзі тіпті де әсер етпеді", - дейді мефедронның құрбаны.
Мефедрон қолданған адамның бүкіл өмірі тозақ болады, дейді Қанат.

"Адам баласының басына бермесін. Өйткені қолданған адам құндылықтарынан айырылады. Өзіне сенімін, өмірге деген құлшынысын жоғалтады. Мен үйге қонуды қойдым. Айтқаным – өтірік. Түрім де қорқынышты болып өзгеріп кетті. Бөлмемде жатып аламын, ешкімге көрінгім келмейді. Туыстарым басында түсінбегенмен, кейін бәрін білді", - дейді ол.

Бұл дерттен айықсам деп жанталасып, арпалысқанымен Қанатқа құмарлықтан қашып құтылу оңайға соқпаған.
"Ауылға да қашып бардым. Табиғи тамақ ішсем қоятын шығармын деп ойладым. Ешкімге айтпай тәуіпке де бардым. Олар ақшасын алады, бірақ түк пайда болмады. Ата-анам Алматыға әкеліп, бір оңалту орталығына апарды. Емделуге түк ниетім болмады. Ал екінші орталыққа өзім келдім, адам болайын, түзелейін деп. Міне бір жыл болды адам қалпыма келдім. Әке-шешем, туыстарым, отбасымның маған деген сенімі қайта оралды. Достарыммен қайта табыстым", - дейді Қанат Оралов.
Оңалту орталығында емделе бастаған күннен бері Қанат дәл осы жерде жұмыс істеймін деп шешкен. Қазіргі күні өзін тәуелділіктен аман алып қалған орталықта жұмыс істеп, өзі сияқты нашаның құрбаны болғандарға көмектесіп жүр.
"Адамдарға пайдам тисе дедім. Өйткені адамға көмектескен сайын өзіме көмектесемін. Біреуге жөн сілтеу үшін өзім дұрыс болуым керек. Әрине, өкінішім өте көп. Бір жыл құмар ойнын ойнап, бір жыл мефедрон иіскегенде 100 миллионнан астам ақша жұмсаппын. Қаншама қой, қанша жер, канша машина, қаншама ат пен сиыр кетті, есебіне жетудің өзі қиын", - дейді Қанат Оралов.
Қанаттың айтуынша, өзі сияқты тәуелді адамдар өте көп. Мефедрон әлеуметтік желі арқылы сатылатын көрінеді. Нашаны сатып алу үшін ақшасын төлейді. Есірткінің "королі" кезінде героин болған. Қазір оның орнын "соль" басқан.

"Мефедрон не үшін сәнге айналды. Өйткені оңай сатып алады, бағасы да қолжетімді. Бір рет қолданған соң қайта-қайта қолдана береді. Оны арзан деп ойлайды. Тәуелділік болмайды, салдары жоқ деген "аңыз" тарап кеткен, көпшілік соған сеніп қалады", - дейді Sober Road оңалту орталағы директорының орынбасары Бекзат Байсафаров.

Оны қолданып көлік тізгініне отырса, жүргізушінің наша қолданғанын наркотест көрсетпейді. "Животный кайф" деп аталады. Адамның адами қасиетін жоқ қылып, жануарға айналдырады. Бір ғана қажеттілікті талап етеді. Ол – төсек қатынасы. Жігіттер де, қыздар да сол үшін қолданады. Сольді қолданғаннан кейін жігіт те, қыз да "серіктес" іздей бастайды", - дейді Бекзат Байсафаров.
Айтуынша, 13-14 жастағы қыздар да көп қолданады.
"Бұл үлкен проблема. Бірақ жабулы қалып отыр. Ал "Скорость" деп аталатын синтетикалық есірткіні қолданған адамда паранойя басталады. Біреу артымнан аңдып жүр деген үреймен жүреді. Бұл есірткілерді бір рет қолданғаннан кейін адам психикалық орталыққа, яғни жындыханаға түсуі мүмкін", - дейді Бекзат Байсафаров.
Есірткіні қолданған адам тез арықтайды. Бірнеше күн үйге қонбайды, көзі қызарып, әйнек іспеттес болып қалады. Асқа тәбеті болмайды, ұйқы қалады. Ақшаны көп сұрай бастайды немесе ұрлық жасайды. Егер бұл есірткіні үйде қолданып жүрсе, үйден желімнің иісі шығып тұрады.