Екібастұзда азық-түліктің бағасы төмендетілді

Sputnik
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Екібастұз қаласында негізсіз көтерілген тауарлардың бағасы төмендетілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, көкөніс пен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы біршама төмендеді. Мәселен, пияздың бағасы 281 теңге болған, қазір 161 теңгеден сатылып жатыр. Сол сияқты картоптың бір келісі 140 теңгеден 124 теңгеге, сәбіз 135 теңгеден 103 теңгеге дейін түсті. "Small" мен "Greenwich" сауда желілеріне жеткізілетін жұмыртқаның бағасы да 630 теңгеден 551-ке дейін төмендеп отыр. Ал әлеуметтік нан 95 теңге тұрады.
Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың өзі сауда желілеріне барып, азық-түліктің бағасын тексеріп келді. Аймақ басшысы бағаны үнемі бақылауда ұстауға мүдделі.
"Кеншілер қаласындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты түрде қадағаланады", - делінген ресми хабарламада.
Облыс әкімі Екібастұз әкімдігіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде құйылмалы сүт саудасын ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кетері, бұған дейін Байханов жергілікті дүкендерде бірыңғай сауда желісі аясында бірдей тауарлардың бағасы негізсіз көтеріліп жатқанын ашық айтты. Мәселен, он жұмыртқаның бағасы Павлодарға қарағанда 110 теңгеге қымбат болған. Сондай-ақ сүт, жарма, қант, макарон өнімдерінің бағасы шарықтап тұрды.
Ал Астанада он жұмыртқа 650-750 теңгетұрады. Орталық базар жақта Павлодардан жеткізілетін сұрыпталған жұмыртқаның өзі 580-600 теңгеден сатылады.