Қоғам

Екі өңірде жасөспірім қыздар жоғалып кетті

Sputnik
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Ақмола облысы және Орал қаласында екі жасөсіпірім із-түссіз жоғалып кетті.
"Мой город" порталының ақпаратынша, Оралда 14 жастағы Зарина Нығметова 10 ақпан күні жоғалған. Жасөспірім кешкі сағат сегіздер шамасында үйден шығып, сол күйі оралмаған.
Қыз №34 орта мектебінде оқиды. Бойы – 162-165 сантиметр. Арықша келген, шашы тік, беліне дейін, үстінде көк шалбар, аяғында қара етік болған. Өзімен бірге Samsung маркалы телефоны, қара күртке мен джинс шалбар салынған пакет болған.
БҚО полициясы Заринаны көрген-білгендерден 102 нөміріне хабарласуды сұрады.
Сондай-ақ Ақмола облысында да жоғалған жасөспірім іздестіріліп жатыр.
Ақмола облысында жоғалып кеткен жасөспірім қыз
Полицияның мәліметінше, 13 жастағы Аяшева Элеонора Рафаиловна көпсалалы облыстық балалар ауруханасынан сағат 18:50 шамасында өз еркімен кетіп қалған. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Болжам бойынша, қыздың үстінде капюшоны бар қара күртке болған. Бойы 160 см, шымыр денелі, шашы сары, иығына дейін, деп жазады Polisia.kz.
Қазір полицейлер қызды іздестіріп жатыр. Туыстары мен таныстары анықталды.
Жоғалған жасөспірім туралы қандай да бір ақпарат болса, Көкшетау қаласы, Сәтпаев көшесі, 1а мекенжайы немесе мына телефон нөмірлері бойынша ПБ-ға хабарласуға болады: 8-(7162)-25-78-05, 8-707-119-87-19 немесе 102 арнайы желісі.
Еске салсақ, кеше Алматы қаласында екі оқушыға іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тараған еді. 14 жастағы екі бала 7 ақпан күні Бостандық ауданында орналасқан 63 орта мектептен бірге шыққан. Бірақ екеуі де үйлеріне оралмаған.
Ал бүгін, 15 ақпан Алматы қаласының полициясы екі жасөспірімнің аман-есен табылғанын хабарлады. Қазір олардың бір апта бойы қайда болғаны анықталуда.
Болжамдардың бірі бойынша балалар көп уақытын компьютер клубтарында ойын ойнап өткізген.